Ынтымақ күні: Жетісуда «Ұлттар достығы» атты ауқымды мерекелік шара өтті

Наурызнама онкүндігі аясында Ынтымақ күніне орай Жетісу облысында «Ұлттар достығы» атты ауқымды мерекелік концерт өтті. Талдықорғандағы Достық үйінде өткен шараның мақсаты – ел ішіндегі қоғамдық келісімді бекемдеп, жалпыұлттық бірлікті нығайту, этносаралық татулықты дәріптеу.

Алдымен бірлік идеясын көркем бейнелеген пролог сахналанып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, өзара құрмет пен жарасымның жарқын көрінісін паш етті.

Мұнан соң сахна төрінде сан түрлі этностың мәдени мұрасын дәріптеген шығармашылық ұжымдар – «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Өрнек» хореографиялық тобы, «Горец» би ансамблі, «Ачимноуль» корей халық әні мен би ұжымы, сондай-ақ «Алтын дән» және «Туған тел» би ансамбльдері өнер көрсетті. Концерт барысында қазақ, орыс, кәріс, украин және өзге де ұлт өкілдерінің әндері мен билері орындалды.

Мерекенің мазмұны тек сахналық бағдарламамен шектелмей, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени-танымдық және ойын-сауық алаңдарымен толықты. Ұлттық және спорттық ойындар ойнатылып, асық ату, қол күрес, арқан тарту секілді дәстүрлі сайыстар көпшіліктің қызығушылығын арттырды.

Сол сияқты қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылды. Ал ұлттық тағамдар ұсынылған сауда қатарлары келушілерге әртүрлі этностардың дәстүрлі ас мәзірінен дәм татуға мүмкіндік беріп, мәдени алмасудың ерекше бір үлгісін көрсетті.

Мерекелік көңіл күйді арттыру мақсатында заманауи фотоаймақ пен «Тілек қабырғасы» интерактивті алаңы да қойылып, қатысушылар оған жылы лебіздерін жазып қалдырды.

Осы орайда «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Абылай Абайұлы:

– Ынтымақ пен бірлік – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының басты тірегі. Бүгінгі өткен «Ұлттар достығы» атты мерекелік шара – сол татулықтың нақты көрінісі. Мұнда әртүрлі этнос өкілдерінің бір сахнада өнер көрсетіп, ортақ құндылықтарды дәріптеп, еліміздегі қоғамдық келісімнің берік екенін айғақтады. Осындай мазмұнды басқосулар арқылы біз жастардың бойына өзара құрмет, толеранттылық пен елжандылық қасиеттерін сіңіре аламыз. Бұл, әрине, болашақтың іргесін бекемдеудің бірден-бір жолы. Сондықтан мұндай шаралардың маңызы зор әрі олардың ауқымын кеңейту – уақыт талабы, – деп атап өтті.

Жалпы, Ынтымақ күні облыстың барлық аудан-қалаларында кеңінен тойланды. 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз