Жетісу облысында алдағы референдумға барлығы 468 сайлау учаскесі дайындалды. Жалпы өңірде 437 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі күні сайлау учаскелерінің барлығы стендтермен, ақпараттық және методикалық материалдармен, жаңа Конституция жобасының екі тілдегі нұсқасы басылған плакаттармен жабдықталған. Жлпы, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталу мәселесі толық шешілген.
Сайлаушыларға қолайлы болу үшін облыстың аудан-қалаларында Call-орталықтар жұмыс істейді, оларға бүгінге дейін 620 адам жүгінген. Сол сияқты «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» арнайы сервисі мен телеграмм-бот жұмыс істейді, оларды бүгінгі күнге 57 мың сайлаушы қолданған.
Дауыс беру күнінде сайлаушыларды тіркеуді растайтын 186 онлайн-сервис және Талдықорған қаласында уақытша тіркеу бойынша қаланың 5 мектебінде 5 сервис ашық болады.
Атап өтсек, дауыс беру күні сайлау учаскелері таңғы сағат 7.00–ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шеуктеулі азаматтарға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Дауыс беруге бірінші келген сайлаушыға, сол сияқты алғаш рет дауыс беруші және жасы ең үлкен сайлаушыға арнайы естелік сыйлықтар қарастырылған.
15 наурызда аудан-қалаларда қоғамдық көлік тегін жүреді. Осы күні инватакси тұрақты жұмыс істейді. Қажет жағдайда сурдоаудармашылар мен әлеуметтік қызметкерлер тартылады. Облыстың аудан-қалаларында референдум күні коммуналдық қызметтер кезекшілігі ұйымдастырылады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.





























