Талдықорғанда Digital Qazaqstan Battle технологиялық байқауының өңірлік жартылай финалы аяқталды. Аталған алаң еліміздің ең ірі цифрлық форумына қатысуға үміткер өңірдегі ең мықты IT-командаларды біріктірді.
Питч-сессия барысында алдын ала іріктеуден өткен жеті команда өздерінің технологиялық шешімдерін таныстырды. Жобалар медицинадан бастап инклюзивті технологияларға дейінгі әлеуметтік маңызы жоғары салаларды қамтыды.
Жартылай финал аймақтық «Jetisu Digital» хабының алаңында өтті. Барлық жобалар заңды тұлға ретінде тіркеліп, алғашқы сатылымдарын жүзеге асырған.
Талдықорған қаласынан қатысқан «Help Hand» стартаперлер командасы ұлттық «Digital Qazaqstan Battle» байқауының жартылай финалдық кезеңінің жеңімпазы атанды. Енді әзірлеушілер өңір намысын 27 наурыз күні Шымкент қаласында өтетін финалда қорғайды. Жартылай финал аймақтық «Jetisu Digital» хабының алаңында өтті. Барлық жобалар заңды тұлға ретінде тіркеліп, алғашқы сатылымдарын жүзеге асырған.
Талдықорған қаласы бойынша «Astana Hub» халықаралық технопаркінің менеджері Маржан Мүлкібаева қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары болғанын атап өтті.
— Бүгін бұған дейін іріктелген он екі команданың ішінен алты команда қатысып отыр. Бұл – ең үздік стартаперлердің жартылай финалы, яғни топ-жобалардың сайысы. Барлық командалар өте мықты, әрқайсысының белгілі бір нәтижелері бар, — деді ол.
Байқаудағы ең жарқын жобалардың бірі – «Help Hand» командасының әзірлемесі. Жобаны №19 орта мектептің 10 «Ә» сынып оқушысы, команда капитаны Рамазан Өмірғали таныстырды.
— Біздің туындымыз – автономды әзірлеу платформасы. Ол кез келген адамға бағдарламалау дағдыларынсыз, тіпті информатика бойынша базалық білімсіз-ақ өз сайтын жасауға мүмкіндік береді. Негізгі ерекшелігі – «Help Hand» платформасы өнімнің кодын іс жүзінде өзі жазады. Сонымен қатар біздің жоба ұқсас өнімдерге қарағанда екі есе арзан әрі үш есе жылдам жұмыс істейді, — деді ол.
Рамазанның айтуынша, стартап идеясын Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі вице-министрі Дмитрий Мун да қолдаған.
— Ол: «Егер мемлекеттік қызметкер болмасам, сіздердің жобаларыңызға инвестиция салатын едім», — деді. Сондықтан біз жеңіске сенімдіміз, — деп бөлісті команда капитаны.
Қорытындысында қазылар алқасының бірауыздан қабылдаған шешімімен жартылай финалдың жеңімпазы «Help Hand» жобасы атанды.





























