«Наурыз Fest»: Жетісуда крафт және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өтті

Жетісу облысында «Наурыз Fest» аясында крафт өнімдерінің жәрмеңке-көрмесі өткізілді. Талдықорғанда өткен бұл шараға облыстың әр аудан-қалаларынан келген жергілікті кәсіпкерлер, қолөнер шеберлері мен шағын өндіріс өкілдері қатысты. Шеберлер заманауи материалдар мен техникаларды дәстүрлі ою-өрнектермен, туған өлкенің нышандары мен бейнелерімен үйлесімді ұштастырған өз бұйымдарын ұсынды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл жәрмеңкеге шеберлер табиғи тас пен эпоксидті шайыр, қызыл балшық пен мақта жібі, ағаш пен киіз материалдарынан жасалған ұлттық нақышқа толы әшекейлер, ыдыстар, интерьер заттары мен кәдесыйлар әкелді.

Жәрмеңкеге қатысушылар қолөнер заттарын ұсынумен қатар оны дайындаудың ерекшеліктері жайлы да айтып берді.

— Қолөнермен айналысып жүргеніме үш жылдай болды. Көрмеге жинақ сандықша, декоративті фигуралар, түрлі кәдесыйлар алып келдім. Жетісудың әйгілі символдарының бірі – атақты апорт алмасы формасындағы бұйым көпшіліктің ерекше назарын аударды. Мұндай кәдесыйлар арқылы біз, қолөнер шеберлері, өңірімізді танытуға, оның мәдени ерекшелігін насихаттауға үлес қоса аламыз, — деді Айнұр Сағалбаева.

Мария Қашағанова да — көрмеге белсене қатысушылардың бірі. Ол мақта жібінен тоқылған шопер-сөмкелер мен интерьерге арналған бұйымдарын ұсынды. Оның қолынан шыққан заттарда заманауи пішіндер дәстүрлі ұлттық өрнектермен үйлесім тауып, бұйымдарға сән берумен қатар оларды мәдени мұраларымызбен байланыстыра түседі.

Өзінің керамикадан жасалған топтамасын Салима Өтебаева да таныстырды. Қолөнер шебері қызыл балшықпен жұмыс істеп, ыдыстарды өңірдің танымал табиғи көрікті жерлерінің бейнелерімен әшекейлеген.  Құмыра, бокал және сәндік табақтар әйгілі петроглифтердің мотивтерімен және Жетісудың басқа да нышандарымен безендірілген. Осылайша ол сәндік-қолданбалы өнердің көмегімен өлкенің тарихи және табиғи мұраларын насихаттап келеді.

Евгения Заньконың бұйымдары да келушілердің үлкен қызығушылығын тудырды. Ол қолдан тоқылған жұмсақ ойыншықтар, полимерлі саздан жасалған бұйымдар, бисерден жасалған брошьтар мен түрлі аксессуарлар ұсынды.

Қолөнершілермен қатар көрмеге азық-түлік өндірушілері де қатысты.

Келушілердің бірі Мира Мақашева аталмыш іс-шараға қатысты пікірін білдірді: 

— Ұлттық нақыштарға бет бұру бүгінде үлкен қызығушылық тудырып отыр. Мұндай тәсіл дәстүрлі мәдениеттің элементтерін ұқыптылықпен сақтап қана қоймай, оларды заманауи дизайнда жаңаша жаңғыртуға мүмкіндік береді. Көрмеде ұсынылған бұйымдардың көпшілігінің түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ, шебер жасалған, әрі заманауи көрінеді. Мұндай жәрмеңкелер біз үшін өте қызық әрі шеберлердлің қолынан шыққан ерекше әшекейлерді сатып алуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Осы күні облыс орталығындағы жаңа базар аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Аталған іс-шарада Көксу, Ескелді, Ақсу аудандары мен Текелі және Талдықорған қалаларының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Олар жалпы көлемі 60 тоннадан астам ет, балық өнімдері, сондай-ақ жеміс-жидек, көкөніс және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын саудалады. Жәрмеңкедегі өнімдердің бағасы нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен болды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Қанат Өмірәлинов, Олжас Құрмашев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз