Баршамызға белгілі, 2022 жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды. Қор құрылған кезден бері көптеген жобаларды қолға алып, жүзеге асырып келеді. Бұл туралы Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өткен кездесуде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасы төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева айтып берді. Жетісу облысындағы бұл жолғы сапарында білім, денсаулық, әлеуметтік сала мамандарымен кездесу өткізді.
Жетісу облысына «Қазақстан халқына» қоры 1,3 млрд теңгеден астам сомаға қайырымдылық көмек көрсетті. Тағы да 1,4 млрд теңге сомаға қайырымдылық бастамаларын іске асыру жоспарланған. Бұл туралы жұртшылықпен және жергілікті атқарушы органдармен кездесуде Қор төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева атап өтті. «Қазақстан халқына» қоры қайырымдылық көмек көрсетудің жүйелі бағытын қалыптастырып, ұлттық ауқымда қайырымдылықты жүзеге асырудың тұрақты моделін дамытуды жалғастырады.
Тұжырымдамаға сай бірінші кезекте Қордан көмек алатын халықтың келесі санаттары анықталды. Олар ауыр, сирек кездесетін аурулары мен мүгедектігі бар балалар, қиын жағдайдағы балалар, жетімдер, болашақта аурулар мен мүгедектіктің даму қаупі бар нәрестелер, сондай-ақ, өмір сүру жағдайлары ең төменгі табыс пен тұрғын үй стандарттарына сәйкес келмей, өміріне қауіп төнетін балалары бар отбасылар, Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау немесе адамдардың өмірін құтқару кезінде қаза тапқан немесе ауыр жарақат алған құқық қорғау органдары, арнайы органдар, ҰҚК қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасылары,сирек кездесетін аурулары бар ересектер,Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде зардап шеккендер жатқызылды. Осыған сәйкес қордың даму бағдарламалары бар, осы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында қайырымдылық көмек көрсетуді жүйелі түрде қолға алған.
Қазіргі таңда қоркөптеген қайырымдылық бағдарлама мен жобаны жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, олардың сегізі медициналық көмек көрсетуге, біреуі ауыл балалары үшін спорт саласындағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталса, тағы бірі ауылдық жерлерден шыққан талапкерлер мен аз қамтылған отбасылардың студент балаларына білім гранттарын беруді қарастырады.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысында төтенше жағдай кезінде қолдау көрсету аясында және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанай, Абай облысындағы төтенше жағдайдағы тұрғындарға көмек қолын созды.
-Бүгінде іске асырылып жатқан жобалар баршылық. Мәселен, қала мен ауыл мектептерінің алшақтығын жою мақсатында мектептер құрылысына және құрал-жабдықтар алып беруге көмек көрсетілуде. Білім беруді жақсарту және оны балаларға қолжетімді ету мақсатындағы бұл жоба маңызды қадам. Бүгінде робототехника кабинеттері ашылуда. Балаларды оқытатын мамандарға көңіл бөлінуде. Спортшы балалар да көп. Әр аудан орталығында тірек мектептері жобасы қолға алынып жатыр,- дейді Л.Шыңғысбаева.
Қорға негізінен денсаулық саласы бойынша өтініштер көптеп түседі екен. Серіктестермен бірігіп сирек аурумен ауыратын балаларға қажетті препаратты шетелден алғызып жатырмыз. Шетелдік фармзауыттарға тікелей шығып, арнайы келісімшарт жасалады. Әр түскен өтініш мұқият қаралады. Мүгедек баласы бар ата-аналар балаларды төрт қабырғаға қамап қоймай, оңалту орталығы ашылса деген өтінішті көп білдіріпті. Сондықтан да, «Қамқорлық» қорымен бірлесіп оңалту орталықтары ашылып жатыр. Мүгедек жүре алмайтын балалар дың да өзіндік мәслесі бар. Арнайы жабдықталған орталықтарға ашуға да мүмкіндік туды. Бұл жоба «Тұсаукесер» деп аталады. Парахоккейшілер шетелдегі жарыстарға қатысу үшін арнайы жабдықтар керек екендігін айтып, өтініш білдірген екен. Өтініш іске асырылып, европалық стандартқа сай жабдықтар алынып беріліпті. Парахоккейшілердің Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атаныпты.
Бүгінгі таңда қор 39 адамды бионикалық протезбен қамтамасыз етті, оның 19-ы балалар.
Жетісу облысында іске асырылған жобалардың қатарында — аутизмі бар балаларға арналған орталық пен балалардағы патологияларды ерте анықтауға бағытталған Ерте араласу орталығы. Сонымен қатар, облыстық балалар ауруханасы мен Сарқан орталық аудандық ауруханасының базасында оңалту орталықтарын ашу жоспарлануда.
Кездесу барысында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру және спорт саласындағы бірқатар жобалар мен ұсыныстарды айтты. Қоғам өкілдерінің айтуынша, қарттарды қолдауға, балалар спортын дамытуға, оңалтудың техникалық құралдарының өңірлік парктерін құруға назар аудару қажет. Ләззат Шыңғысбаева «Қордың қандай да бір жобаға қатысуы, бұл жай ғана «ескіні жаңаға» ауыстыру емес, тұтас бағыттарды толыққанды жаңғырту, заманауи технологиялар трансфертін қамтамасыз ететін инновацияларды енгізу» екенін атап өтті.