Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне қатысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бірақ ол қоғам өмірінде түбегейлі шешімін таппай тұрған күрделі мәселе болып отыр.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Осы жағымсыз құбылыспен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Мысалы, қызмет өкілдігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті түрлерінің бірі – парақорлық.
Бірінші кезекте, пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырымен жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни, пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы керек. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ және жол бермейік!
Ф.Дарыбаева,
ҚР АШМ АӨК МИК Талдықорған қалалық
аумақтық инспекциясының басшысы






























