Уақыт талабынан туған

4

Алдағы референдум – бұл жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, бұл – мемлекетіміздің даму бағытын, ұлттық құндылықтарын және қоғамдық келісімін айқындайтын маңызды таңдау. Преамбула – ұлттық рухтың темірқазығы. Жаңа Конституция жобасындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – Преамбуланың мазмұндық тұрғыдан жаңғыртылуы. Бұл Конституцияның кіріспесі ғана емес. Ол – біздің кім екенімізді, қайдан бастау алғанымызды және қайда бағыт бұрғанымызды көрсететін идеялық бағдаршам.

Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалады. Егемендік, Тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітіледі. Бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім – мемлекеттіліктің берік негізі ретінде көрсетіледі. Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан», «Заң мен Тәртіп», табиғатты аялау, ұрпақ алдындағы жауапкершілік сияқты қағидаттар Конституциялық деңгейде бекітіледі.

Жаңа Конституциядағы неке ұғымының нақты бекітілуі мен үшін ерекше маңызды. Өйткені отбасы – тек жеке кеңістік емес, ол – қоғамның жүрегі. Неке – мемлекет тіркеген, ерікті түрде құрылған және тең құқықты ер мен әйелдің одағы деген норма арқылы өскелең ұрпақты қазақтың болмысына жат идеялардың әсерінен қорғау көзделген. Осы тұжырым неке мен отбасының мемлекет қорғауында болуын ғана емес ұлттық болмысымызды сақтауды да білдіреді.

Әлеуметтік мемлекет қағидаты да ерекше мәнге ие. Конституцияда әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсету, мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау, зейнетақы мен жәрдемақы жүйесін жетілдіру мәселелері нақты қарастырылған. Бұл – әсіресе ауылдағы әйелдерге, көпбалалы аналарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты мүмкіндік. Әлеуметтік әділеттілік – тұрақты қоғамның негізі.

Қауіпсіздік ұғымы Конституцияда барлық құқық пен міндеттердің негізгі қағидасы ретінде көрініс табады. Қауіпсіздік – әр отбасының, әр азаматтың құқықтарын қорғаудың басты кепілі. Соның ішінде баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі, сапалы білім алу, денсаулығын қорғау, зорлық-зомбылықтан қорғалуы аса маңызды. Себебі бала – әлсіз, бірақ ол – ең қымбат қазына. Әр ана өз баласының қауіпсіздікпен өсетініне сенгісі келеді. Әр әке еңбегінің қорғалатынына, шаңырағының берік болатынына сенгісі келеді. Әр бала махаббат пен қамқорлыққа толы қоғамда өмір сүргісі келеді.

Конституция – біздің ортақ шаңырағымыздың тірегі. Сол тірек берік болса, еліміздің ертеңі нық болады. Тарихымызды қадірлеп, мәдениетімізді қолдап, білімге ұмтылып, бірлігімізді сақтасақ – тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болмақ.

Құсайын Мұстафа,
облыстық «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз