Жетісу обласы прокуратурасы жастар қылмысының алдын алу шеңберінде студенттер мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтар арасында телемост ұйымдастырды. Кездесу барысында қатысушылар жеке тәжірибелерімен бөлісіп, заңсыз әрекеттердің салдары және ойланбай қабылданған шешімдердің адам тағдырына тигізетін әсері туралы ашық әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар, кездесу барысында залда пробация есебіндегі екі азамат сөз сөйлеп, өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісті және айтылған ойларды нақты оқиғалар арқылы толықтырды.
Іс-шараны ашқан облыс прокурорының бірінші орынбасары Ержан Мұхаметқалиұлы қылмыстық схемалардың интернеттегі «жеңіл табыс» ретінде жиі бүркемеленетінін атап өтті. «Закладчик» немесе «дроппер» ретіндегі жұмыс зиянсыз қосымша табыс сияқты көрсетілгенімен, іс жүзінде бас бостандығынан айыруға әкелетінін атап өтті.
Прокуратура және полиция өкілдері мұндай әрекеттердің құқықтық салдарын түсіндіріп, орындаушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, ал ұйымдастырушылар көлеңкеде қалатынын айтты.
Бастаманы қолдап, әлем чемпиондары Азамат Мұқанов пен Мерей Суюнов сөз сөйлеп, тәртіп пен адал еңбектің маңызын атап өтті. Кездесу соңында «жоқ» деп айта білу – қылмыстық схемаларға тартылудан қорғанудың басты жолы екені еске салынды.
Кездесу қорытындысы оның жоғары тиімділігін көрсетті. Қатысушылар заң бұзудың салдарымен бетпе-бет келген адамдармен тікелей сөйлесу форматы ең әсерлі тәсіл екенін мойындады. Көптеген студенттер талқылау барысында өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, интернеттегі қылмыстық топтардың айла-тәсілдерін енді айқынырақ түсінетіндерін жеткізді.
Прокуратура мұндай іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Олар тірі диалогты жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді тәсілі деп санайды.





























