Канададағы Квебек қаласында Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament 2026 халықаралық турнирі аяқталды. Қазақстан құрамасы — Astana Team AA Elites дивизионында жеңіске жетті. Бұл дивизион турнирдегі екінші деңгейлі дивизион болып табылады және онда 2013 жылы туған балалар бақ сынады. Қазақстан құрамасына «Торпедо», «Астана», «Юность» клубтарының ойыншылары, сондай-ақ Алматыдан «Тайгерс» және «Михайлов Академиясы» хоккейшілері кірді. Бір жыл бұрын осы жас санаты мен дивизионда Қазақстан командасы күміс медаль алған еді. Топтық кезеңде барлық матчтарды жеңіп, Қазақстан командасы плей-оффқа шықты. Алдымен олар үй иелері — Quebec Nordiques командасын (3:1) жеңді, ал жартылай финалда Quebec Remparts командасын (2:1) жеңіп шықты. Финалда «Noir d’Or des Montagnes» командасымен болған кездесуде де есеп 4:3 болып Astana Team жеңіске жетті. Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament — жасөспірімдер (13 жасқа дейін) арасында өтетін халықаралық хоккей турнирі. Ол жыл сайын Канадада өткізіліп, төрт дивизионға бөлінеді: BB, AA, AA Elites және ең жоғары — AAA, сонымен бірге әйелдер дивизионы бар. Биыл Astana Team екінші деңгейлі дивизионда чемпион атанып, келесі жылы жоғары AAA дивизионға өту мүмкіндігіне ие болды (шешімді турнир ұйымдастырушылары қабылдайды). Команда осы турнирге екінші рет қатысып отыр: 2024 жылы Францияда өткен іріктеу турнирінде жеңіп, AA Elites дивизионына жолдама алған еді.





























