«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалиция мүшелері Болат Керімбек, Гүлнар Тойлыбаева мен Арыстанғали Арын С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында кітапханашылармен, ұстаздармен кездесіп, референдумның ел болашағы үшін маңыздылығы, азаматтық жауапкершілік, құқықтық сауаттылық және белсенділік мәселелерін таразылады.
Алдымен сөз тізгіндеген Гүлнар Тойлыбаева мемлекет байлығы бүгінде біліммен бағаланатынын, білімді ұрпақ елдің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететінін айтып, жаңа Ата Заң білім мен ғылымды қолдауда маңызды рөл атқаратынын айрықша атап өтті.
– Еліміздің басты құжатында білім, ғылым, инновация — ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырылған. Адами капитал басты орынға қойылды, мемлекеттің байлығы жер қойнауындағы ресурстар емес, білімді жас ұрпақ екені айқындалды. Бұл – Президент қолға алған ауқымды өзгерістердің заңды түйіні, – деді Г. Қожағұлқызы.
Мұнан сөз мінберге көтерілген Болат Керімбек жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, құжатта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру, жеке меншік құқығын қорғау, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және кәсіпкерлік субъектілерін заң жүзінде қорғау мәселелері нақты айқындалған. Бұл өз кезегінде экономиканың орнықты дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысын арттыруға серпін береді.
– Жаңа Конституция – бұл жай ғана заңнамаға енгізілген өзгерістер емес. Бұл – ел тағдырына бейжай қарамайтын әр азаматтың үні естілетін, әділетті қоғам құруға бағытталған нақты қадам. Біз бүгін халықпен кездесіп, әр ұсыныс пен пікірді тыңдауды басты міндетіміз деп санаймыз. Себебі мемлекет пен қоғам арасындағы сенім – ашық диалог арқылы қалыптасады, – деді Болат Керімбек.
Жиын соңында спикерлер ұжым мүшелерін тағдыршешті сәтте ел болашағына дұрыс таңдау жасауға шақырды.
ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ





























