Облыстық Әділет департаментінде «Адам құқықтарының конституциялық кепілдіктері және олардың нотариаттық әрі адвокаттық тәжірибеде іске асырылуы» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» өтті. Іс-шараға өңірдегі адвокаттар алқасының және нотариаттық палатаның өкілдері қатысып, құқықтық жүйенің басты өзегі саналатын Конституцияға енгізілетін өзгерістер төңірегінде өз пікірлерін ортаға салды.
«Дөңгелек үстелде» жаңа Ата заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған департамент басшысының орынбасары Медет Едрисов құжаттың құрылымына тоқталып, жоба преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұратынын жеткізді. преамбула толық жаңартылып, оның мәні бұрынғыдан да кеңейгенін айтты.
– Преамбула енді тек кіріспе бөлім ғана емес, жүйе құраушы қызмет атқарады. Онда ұлттың өткенін танытатын, бүгінін бағдарлайтын және болашағына бағыт беретін жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапқан. «Әділетті Қазақстан» бағдары мен «Заң және Тәртіп» қағидасы бекітіліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы нақты айқындалған, – дейді ол.
Жаңа Конституция жобасында мемлекеттің іргелі қағидаттары да терең қайта қаралып, кеңейтілген. Атап айтқанда, егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз патриотизмді дамыту, қоғамдық диалогты күшейту, еңбекқорлық пен білімге негізделген прогреске ұмтылу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау секілді бағыттар нақты көрсетілген.
Медет Орынбекұлы аталмыш құжат қоғам мен мемлекеттің стратегиялық міндеттеріне сай келетінін, адам құқықтарын толық іске асыру мен құқық үстемдігін қамтамасыз етуге тың мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Кездесу барысында облыстық нотариаттық палата төрағасы Арман Бекішбаев пен облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Данипа Әділбекова да Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін білдірді. Олар ұсынылған құжатта адамның негізгі құқықтары – жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтар жаңартылып, оларға сәйкес кепілдіктер күшейтілгеніне риза екенін жеткізді.
Жоба аясында «Миранда ережесі» мен кінәсіздік презумпциясы дербес қағидат ретінде бекітілгені де жиынға қатысушылар тарапынан оң бағаланды.
Данипа Әділбекова өз сөзінде адвокатураның құқықтық мәртебесі Конституция деңгейінде алғаш рет айқындалғанына қуанышты екенін білдірді.
– Бұған дейін адвокатура заңнамалық деңгейде ғана реттеліп келсе, енді ол Конституциямен бекітіледі. Бұл адвокаттардың кәсіби беделін арттырып, құқық қорғау жүйесіндегі орнын нығайтады. Енді адвокатура прокуратурадан кейін емес, құқықтық институт ретінде онымен тең дәрежеде тұрады, – дейді ол.
Медет ЖҰМАБАЙ





























