Жетісу облысының экологиялық туризмін дамытуда басымдық берілетін бағыттың бірі – «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парктері мен Жоңғар Алатауы жоталары. Бұл ретте инфрақұрылымды дамытуға қатысты қолға алынған шаралардың нәтижесінде аталған екі паркке келушілер саны 2024 жылы 27 мың болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 39,5 мыңға жеткен, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық туризм басқармасының мәліметіне қарағанда, туристерді тарту мақсатында 2023 жылы «Алтынемел» ұлттық паркінде жеке инвестициялар есебінен визит-орталық салынды. Сол сияқты былтыр аталған паркте туристік бағыттардағы ақпараттық белгілер жаңартылды. «Бесшатыр» сақ қорғандарының шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жаңатоғай» және «Таңбалытас» кордондарында алау жағуға арналған арнайы орындар жабдықталды.
Сол сияқты Сарқан ауданының Тополевка ауылында визит-орталық ашылды. «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі аумағында 4 демалыс аймағы, 2 автотұрақ орнатылып, 22 ақпараттық стенд, 113 ақпараттық тақтайша, 2 кіреберіс арка, сондай-ақ қоқыс жинауға арналған контейнерлер мен санитарлық тораптар қойылды.
Бүгінгі таңда Жасылкөл көліне көлікпен қатынауды қамтамасыз ету үшін «Тополевка – Жалаңаш кордоны» автомобиль жолының 20 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жасылкөлге апаратын жол құрылысы биыл аяқталады.
Еліміздегі ең биік Бұрқанбұлақ сарқырамасына (Жоңғар Алатауының тау жүйесі) дейінгі 31 км автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
— Ішкі туризмді насихаттау және Жетісу облысына келетін туристер санын арттыру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде жыл сайын имидждік бұқаралық іс-шаралар өткізіп келеміз. Біздің облыста ұйымдастырылатын «Сиверс алма ағашының гүлденуі», «Алакөл толқыны», «Алтынемел – құландар мекені» фестивальдары Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылға арналған мәдени-туристік оқиғалар күнтізбесіне енгізілді. Жалпы, қабылданған шаралардың арқасында 2025 жылғы мониторинг бойынша өңірге келген туристер саны 11%-ға, соның ішінде шетелдік туристер саны 60%-ға артты, — деді облыстық туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев.
Атап өтсек, облыс аумағында екі ұлттық паркпен қатар Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы орналасқан.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай, Архун Архунов





























