Конституциялық комиссия жұмысының басталуы мен оның жария форматта ұйымдастырылуы маңызды әрі дұрыс қадам. 24 қаңтардан бастап іске кіріскен комиссияның құрамына қоғамның әртүрлі секторларынан 120-дан астам өкілдің енуі бастапқыдан-ақ процестің ашық болатынын көрсетті.
Партиялар мен ҮЕҰ, кәсіподақтар, депутаттар, заңгерлер, бизнес, медиа, ғылыми және мәдени қауымдастық өкілдерінің бір алаңда жұмыс істеуі шешімдердің тек тар кәсіби ортада емес, қоғамдық мүдде аясында талқылануына мүмкіндік береді.
Ашықтықты күшейтуге бағытталған нақты тетіктер де бар. Комиссия отырыстарының Конституциялық соттың ресми ресурстарында тікелей трансляциялануы — процесті кез келген азаматтың бақылауына ашты. Ал «Конституциялық реформа 2026» Telegram-арнасының іске қосылуы ақпараттың жедел әрі жүйелі таралуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің көпшілігінің әлеуметтік желілерде белсенді болуы — қоғаммен кері байланыстың қосымша арнасы. Бұл ресми хабарламалармен шектелмей, процестің ішкі логикасын, пікірталастарды және ұстанымдарды тікелей жеткізуге жол ашады.
Жалпы алғанда, комиссия жұмысының ашық әрі жария форматта өтуі Конституциялық реформаның тек заңдық тұрғыда ғана емес, қоғамдық сенім тұрғысынан да негізді болуына ықпал етеді. Мұндай қолжетімділік — қоғамның өзгерістерді түсініп, саналы түрде қабылдауы үшін аса маңызды.
Г.Нұршанова,
газета «Талдықорған»,
бас редактор





























