Жетісу облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын мониторингілеу күшейтілуде

Жетісу облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар тұрақты атқарылуда. Аталған тауарлар бағасын мемлекеттік бақылау мақсатында Жетісу облысы бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Комиссияның құрамында сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік кірістер, экономикалық тергеп-тексеру, статистика, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттерінің, сондай-ақ кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармаларының, «Жетісу» ӘКК-нің және аудан-қала әкімдіктерінің өкілдері бар. Бұл комиссияның қызметі бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарықтың ашықтығын арттыруға ықпал етіп, тұтынушылардың мүдделеріне оң әсерін тигізеді. Бұл ретте облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңа жыл қарсаңынан бастап комиссия тарапынан супермаркет, базар, үй маңындағы дүкендер бағаларына мониторинг жүргізу күшейтілуде, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.    

Жалпы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі бірқатар шаралар қабылдап келеді. Атап айтқанда, форвардтық келісімшарттар жасасу арқылы тұрақтандыру қоры қалыптастырылды, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті өндіру мен сатуға 0,01 % жеңілдетілген несиелер берілуде. Аталған механизм аясында тауарлық интервенция үздіксіз жүзеге асырылуда. Сонымен қатар өңірде көкөніс сақтау қоймаларын дамыту шаралары жүйелі жүргізіліп келеді. Жалпы, облыста сыйымдылығы 40 мың тонна болатын 31 заманауи көкөніс сақтау қоймасы бар.

Сол сияқты облыс аумағында тұрақты түрде «Алқаптан сөреге дейін» принципіне сәйкес ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Өткен жылы облыста осындай 565 жәрмеңке өткізіліп, онда 5 млрд. теңгенің азық-түлігі саудаланды.

— Талдықорған қаласында 5 әлеуметтік дүкен мен 4 әлеуметтік сөре жұмыс істейді. Бұл дүкендерде баға нарықтағыдан 10-15% төмен. Мәселен, 1 санатты жұмыртқаның он данасының бағасы 500 теңге, сұйық май — 510 тг/л, 1-сортты ұн – 160 тг/кг, күріш – 380 тг/кг, қарақұмық жармасы – 175 тг/кг, картоп – 200 тг/кг, пияз – 97 тг/кг, сәбіз – 165 тг/кг, қырыққабат – 140 тг/кг, тұз – 65 тг/кг және т.б. азық-түлік  бар, — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Саданов.

Еске салсақ, 2026 жылдан бастап ҚР Сауда және интеграция министрінің  бұйрығына сәйкес 2026 жылдан бастап Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31-ге көбейтіліп, тізімге азық-түліктің бірқатар түрлері енгізілді. Оның ішінде, қатты ірімшік, майлылығы 40-50% болатын жартылай қатты ірімшік; тауық еті (тұтас еті); қаймақ (лактозасыз түрін қоспағанда); сиырдың сүйексіз еті; фарш; қой еті, соның ішінде сүйексіз еті; жылқы еті, соның ішінде сүйексіз еті; қызанақ («черри», «виноградты» түрлерінен басқа); қияр (корнишоннан басқа), алма, қара шай (түрлі дәмдік қоспаларсыз, пакеттелгеннен басқа), жаңа әкелініп, суытылған және мұздатылған балық (ақтабан,  мөңке, көксерке, тұқы, сазан).

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз