Талдықорған қаласындағы Аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы «Үздік «Қамқорлық» орталығы – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы атанды

Талдықорған қаласындағы «Аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы» КММ «Қамқорлық қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырған «Үздік «Қамқорлық» орталығы – 2025» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Бұл орталық 2023 жылдың 31 мамырында инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының бастамасымен ашылған болатын. Орталықтың басты мақсаты — әр баланың әлеуетін ашуға көмектесу, оларды қарым-қатынасқа баулу және өмірге сенімді қадам басуына жағдай жасау.

Орталық ашылғалы бері 291 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Мамандардың кәсіби шеберлігінің арқасында 23 бала мектеп табалдырығын аттап, тағы 5 бала балабақша ортасына сәтті бейімделді.

Мамандардың өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен кәсіби біліктілігінің арқасында орталыққа келуші балалардың басым бөлігінде сөйлеу дағдысы, қарым-қатынас, мінез-құлықты қалыптастыру және моториканы дамытудың тұрақты оң динамикасы байқалады. Әрбір кішкентай жеңістің артында мамандардың қажырлы еңбегі, ата-аналардың сенімі мен балалардың қайсарлығы тұр.

Орталықта дефектолог, психолог, логопед, педагогтар мен медицина қызметкерлері ата-аналармен тығыз байланыста жұмыла жұмыс істейді.

Орталық тәрбиеленушілері шығармашылық және дамытушылық іс-шараларға белсене қатысып тұрады. Олардың қолөнер туындылары орталық көрмелерін безендіріп, балалардың өзіне деген сенімін нығайта түсуде.

Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз