Жаңа жыл қарсаңында Жетісу облысының Талдықорған қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді. Жаңа қоныс иелерін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл құттықтады. Соңғы үш жылда Жетісу облысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан 13 500-дей отбасы баспаналы болса, оның 5 мыңға жуығы — Талдықорған қаласының тұрғындары. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс орталығында тұрғын үй кезегі 9% қысқарды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Самұрық-Қазына» инвестициялық холдингі есебінен салынған бес қабатты тұрғын үй пәтерінің кілттері көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік осал топтардан шыққан кезекте тұрған азаматтарға табысталды.
Жаңа қоныс иелері қуаныштарымен бөлісті.
— Мен бұл сәтті ұзақ күттім. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Айналайын» балаларды қолдау орталығының ұжымына алғысымды білдіремін. Мен 4 жасымда анамнан айырылдым, орталықтың тәрбиешілері маған отбасымдай бола білді. Енді өз пәтерімнің кілтін алып отырмын. Бұл – үлкен қуаныш, көңіл-күйім өте жақсы. Болашақта ІТ саласының маманы болсам деймін. Қазірдің өзінде мақсатыма қадам жасап, мобилографиямен айналысамын, мектепте түрлі бейнероликтер түсіремін. Өз студиямды ашуды армандаймын, енді жеке баспанамның арқасында бұл жоспарымды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Денсаулық, амандық, жаңа жетістіктер, бейбітшілік пен жақсылық тілеймін, – деді 16 жастағы Санат Шерубаев.
Талдықорған қаласының тағы бір тұрғыны Айнұр Дәлелханқызы да өз пікірін білдірді:
— 16 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрдық. Өзім Ынтымақ ауылындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Төрт бала тәрбиелеп отырмын, оның бірі — ерекше қажеттілігі бар бала. Енді үлкен отбасымыз баспаналы болып, бүгін үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп-қонудан құтылдық. Осындай қуаныш сыйлаған 2025 жылға ризамын, баршаңызға Жаңа жылда бақыт тілеймін! — деді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков





























