Бейбіт Исабаев бірқатар жұмысшы мамандарға мемлекеттік марапат тапсырды

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бірқатар жұмысшы мамандарға мемлекеттік марапат тапсырды. Олардың арасында өнеркәсіп секторының, энергетика және коммуналдық сала мамандары бар,деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы өз сөзінде биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болғанын тілге тиек ете келе, осыған байланысты өңірде қолға алынған игі шараларға қысқаша тоқталып, ең бастысы қоғамда еңбек адамына деген құрмет, еңбек культі қалыптасқанын атап өтті.  

Жалпы, биыл облысымыз жылды жақсы аяқтап отыр. Негізгі көрсеткіштер бойынша биыл да үздіктер қатарынан көрінеміз деген үмітіміз бар. Осы жетістіктерімізде түрлі салада еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандардың еңбегі зор.  Соның ішінде бүгін арнайы келіп отырған коммуналдық салада, өнеркәсіпте, энергетика секторында жемісті еңбек етіп келе жатқан өздеріңіздің де үлестеріңіз бар екенін ризашылықпен айтамыз. Айналысқан кәсібін берекеге айналдырып, еңбектің өнбегін көру деген осы болса керек. Бұдан былай да халықтың игілігіне адал қызмет ете беріңіздер, — деп Бейбіт Исабаев тілегін білдірді.

Осы жиында Президенттің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және өнеркәсіптік дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Көксу жылу – су сервис» МКК слесарі Серік Шыныбековке «Құрмет» орденімен, «Ақсу қант» ЖШС жөндеу-дәнекерлеу шеберханасының шебері Тоғанжан Берқұрманов пен «Қаратал таза су» МКК шебері Руслан Байгенжіновке ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Басқан Пауэр» ЖШС слесарь-механигі Сейітқазы Төлепбергеновке «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылды. Атап өтсек, жуырда Астанада өткен «Жұмысшы мамандықтар жылын» қорытындылау форумында «Темірбетон» ЖШС қалыптаушысы Мұрат Нүкебаев «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған еді.

Осы орайда марапатталған азаматтар өз ой-пікірлерін білдірді.

— Қаратал ауданында біз қысы-жазы, күн-түн демей халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге қызмет етеміз. Апатты болдырмауға, орын алған жағдайда жылдам әрекет етуге бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Жұмысты сенікі-менікі деп бөліп-жармаймыз. Ұжымымыздың ынтымағы берік. Алдағы уақытта мен секілді басқа да жұмысшы мамандардың да еңбегі еленіп, марапатқа жете берсін, — деді «Қаратал таза су» мекемесінің шебері Руслан Байгенжінов.

Сол сияқты «Басқан Пауэр» ЖШС слесарь-механигі Сейітқазы Төлепбергенов те ой қосты.

— Энергетика саласында еңбек еткеніме он бес жылдай болды. Мен электр жарығын беретін генераторлардың жұмысына жауап беремін. Ауысыммен жұмыс істеймін. Міндетімізді оңай демеймін, барынша қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаймыз. Қиындығына қарамастан мен өз жұмысымда ризашылықпен атқарамын. Бүгін «Жұмысшы мамандықтар жылының» игілігін, бізге көрсетілген құрметті шынында сезіндік десем болады. Баршаңызды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын, — деді ол.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз