Жетісу облысында «ECOFINAL 2025: 100 тазалық қадамы» — экологиялық бастамалардың қорытындысы өткізілді

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жыл бойы жүзеге асырылған экологиялық бастамалардың қорытындысын шығаруға арналған «ECOFINAL 2025: 100 тазалық қадамы» атты қорытынды іс-шара өтті.

Қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыру – тұрақты дамудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта ұйымдастырылған іс-шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында бір жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралап, экологиялық бастамалардың нәтижесін көпшілікке ұсынуға бағытталды. Сонымен қатар экологиялық волонтерлікті дамыту, үздік тәжірибелерді қолдау және тұрғындарды табиғатты аялауға белсенді түрде тарту көзделді.

Аталған бастаманың басты ерекшелігі – оның Жетісу облысының барлық аудан мен қалаларында кең көлемде жүзеге асырылуы. 3-25 желтоқсан аралығында облыс аумағында «100 тазалық қадамы» атты көпкүндік экологиялық акция өткізіліп, барлық аудан мен қалаларда 100 экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шаралар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, ортақ жауапкершілік пен бірлік рухын нығайтуға ықпал етті.

«Qosyl» жобасы аясында үздік деп танылған Ескелді, Сарқан және Ақсу аудандары марапатталды. Аталған марапаттарды «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Тулемисова Жанат Ерханқызы табыстады. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілеріне алғыс хаттар берілді. Ал жоғары оқу орындары мен колледждер, сондай-ақ белсенді волонтерлер «Jetisu jastary» КММ директоры Ванкеев Шамиль Дүйсенғазыұлының атынан марапатталды. Бұл — жастардың экологиялық бастамаларға қосқан үлесіне берілген жоғары баға болды.

Салтанатты жиын аясында жауапты сала өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылды. Қорытынды іс-шара экологиялық мәдениетті кеңінен насихаттауға, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

Аталған іс-шараға волонтерлік ұйымдардың жетекшілері мен белсенді волонтерлер, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты.

Жетісу университетінің студенті Жетпісбай Айару Алыбиқызының айтуынша: «ECOFINAL 2025» секілді бастамалар жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Волонтерлік арқылы біз тек аумақты тазалап қана қоймай, қоғамға табиғатты аялаудың маңызын үлгі арқылы көрсетеміз. «Таза Қазақстан» акциясы жастарды бір мақсатқа біріктіріп, ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастырды. Осындай жүйелі экологиялық жобалар алдағы уақытта да жалғасын табуы тиіс».

Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз