Жетісуда алғашқы ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды

Жетісу облысында ерікті өрт сөндіру бекеті іске қосылды. Бұл — азаматтық қорғау жүйесін дамыту мен нығайтуға бағытталған  ведомстволық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасымен жергілікті бюджет қаражатына салынған алғашқы нысан, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа өрт сөндіру бекеті Қаратал ауданы Алмалы ауылында орналасқан. Бекет Алмалы ауылы мен оған іргелес екі елді мекенге қызмет көрсетеді. Штатында 8 қызметкер бар, яғни 4 өрт сөндіруші, 4 жүргізуші қарастырылған. Жеке құрам өрт пен өзге де төтенше жағдайларға жедел әрекет етудің арнайы даярлығынан өткен.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, ауылдық елді мекендердің өрттің алдын алудағы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетіліп отыр. Мұнда жұмыс істейтін жеке құрамның тұрақты дайындығы мен темірдей тәртібі аса маңызды. Өйткені олардың жұмысы жүздеген отбасының өмірі мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ал аталған нысанның іске қосылуы өрт шыққан жағдайда әрекет ету уақытын қысқартып, адам өмірі мен мүлікке төнетін қауіптің алдын алуға жағдай жасайды.

— Бұған дейін осы ауылдан бөлек көршілес ауылда да толыққанды өрт сөндіру бекеті болған жоқ. Оның міндетін ескі ғимарат пен ауыл тұрғындарынан құралған төрт ерікті атқаратын. Өрт шығу қаупі туындаған жағдайда мұнда су толтырылған цистерна сақталып, қажет болған кезде оны оқиға орнына сүйреп апаратын. Аудан орталығынан өрт сөндіру техникасы келгенге дейін өртті шамамыз келгенше ауыздықтауға тырысатынбыз. Ал қазір кәсіби мамандардан құралған жаңа команда мен заманауи техника кез келген жағдайға жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді, — дейді Қаратал ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қуаныш Рақатаев.

Атап өтсек, Алмалы ауылында бүгінде 800-дей, ал Байшергір ауылдық округі аумағында 1300 адам тұрады. Енді жаңа өрт сөндіру пункті округ тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді Жетісу облыстық ТЖД ұсынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз