Ауыз судың қауіпсіздігі

4

Ауыз су – адам өмірінің ең маңызды ресурстарының бірі. Су тек шөлді қандыру үшін ғана емес, ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне, зат алмасудың жүруіне және жалпы денсаулықты сақтау үшін қажет. Сондықтан ауыз судың қауіпсіздігі – қоғам үшін аса маңызды мәселе.

Қауіпсіз ауыз су дегеніміз – құрамында адамның денсаулығына зиянды бактериялар, вирустар, химиялық заттар мен ауыр металдардың тұзы жоқ, гигиеналық нормативтерге сай келетін су. Ластанған суды пайдалану ішек жұқпалары, улану, бүйрек және асқазан аурулары сияқты түрлі дерттердің пайда болуына әкелуі мүмкін.

Бұл ретте санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мекемелері тарапынан әр тоқсан сайын барлық елді мекеннің орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ауыз су жүйелерінен санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг аясында су сынамалары алынып, зерттеліп тұрады.

Су сынамалары микробиологиялық, химиялық, паразитологиялық көрсеткіштеріне және пестицидтер мен ауыр металдардың тұздарына зерттеледі. Зертханалық зерттеулер аккредиттелген Жетісу облысының ұлттық сараптама орталығының филиалында және оның аумақтық бөлімшелерінде жүзеге асырылады.

Жалпы осы жылдың қорытындысы бойынша микробиологиялық көрсеткіштерге — 2926, химиялық көрсеткіштерге — 2931, паразитологиялық көрсеткіштерге — 76, радиологиялық көрсеткіштерге — 89, ауыр метал тұздарына — 741, пестицидтерге — 708 су сынамалары зерттелген.

Ауыз судың өзекті мәселелері бойынша ауыз су жүйелерінің жауапты шаруашылық субъектілерімен және жергілікті атқарушы органдарымен жыл сайын семинарлар мен кеңестер өткізіліп тұрады, шешімдер шығарылады.

Адамзаттың өмір барысында ауыз су әртүрлі мақсатта қолданылатындықтан, дүниежүзілік су қорларының ластануы бүкіл адамзат қауымын алаңдатып отыр. Жалпы болашақта су қорының азаюы адамзаттың тіршілік ортасына елеулі әсерін тигізіп, су тапшылығына әкеп соқтырады. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi. Бүгiнде су тапшылығы – тек орталық Азия елдерінiң ғана емес, бүкiл әлемнiң өзекті мәселесі. «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші судың қайнар көзін ластамай, барынша тазалықта және сақтықта ұстап, қажетті көлемде пайдалануға шақырамыз.

 

Асхат Чарапиев, Жетісу облысы СЭБД басшысы

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз