Білім ордаларында санитарлық нормалар сақталуы тиіс

417

Жетісу облысы бойынша барлығы 340 жалпы білім беретін ұйым бар. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенованың тапсырмасы бойынша білім басқармасымен бірлесіп мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда мектептердің 16%-ы мониторингпен қамтылған. Бұл туралы Жетісу облысының санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов БАҚ өкілдерімен «Мектептерді жаңа оқу жылына дайындауға қойылатын талаптар» деген тақырыпта өткен брифингте баяндады.

Мониторинг жүргізу кезінде алгоритмге сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы, ауыз су режимін ұйымдастыру, санитариялық-техникалық жай-күйі,  3 ауысымды мектептің жағдайы, жиһаздың  баланың өсуі мен  жас көрсеткіштеріне сәйкестігі, сарқынды сулардан тазартуға келісімшарттардың болуы, жеке гигиенаны сақтау үшін құралдармен қамтамасыз етілуі, қауіпсіз тамақтану үшін гигиеналық талаптарды ұйымдастыру шарттары, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың, персоналда медициналық тексерудің, өндірістік бақылаудың болуы, дезинфекциялық режимді, санитарлық тораптардың санитарлық жағдайын сақтау сияқты бірқатар санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы қаралады.

Спикер  жалпы білім беретін ұйымдарға қойылатын санитарлық ережелердің кейбір талаптарын еске салып өтті. Әдетте, жыл сайын объектілерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сол кезде орталықтандырылған су көздерін, желдету құрылғыларын зақымдап алмау керек. Мәселен,  ыстық және салқын су барлық ванналарға, себезгілерге, кір жуатын орындарға, қолжуғыштарға, оның ішінде санитариялық тораптарға, түстену залдарына, тұратын орындарға, медициналық пунктте, сурет салуға және мүсіндеуге арналған кабинеттерде, өсімдіктермен жұмыс істеу үшін, шеберханаларда, қолды жууға және кептіруге арналған құралдармен қамтамасыз етіле отырып жүргізіледі. Ауаның температурасын бақылау үшін білім беру ұйымдарының ойын, оқу және жатын үй-жайларында, балаларды тәрбиелеу және олардың тұратын орындарында, сондай-ақ медициналық пункт үй-жайларында термометрлер орнатылады. 2022-2023 жылыту маусымында температуралық режимнің сақталмауы тексеру барысында 2 мектепте , сондай-ақ сыртқы мониторинг жүргізу барысында 16 мектепте кемшіліктер анықталды.

Қазіргі таңда оқушылардың мектепке қажетті киімдерін алып жатқан белгілі. Бұл орайда  спикерге ата-аналарға бірнеше құлаққағыс жасады.

«Мектеп формасын таңдау оңай емес. Ол мүмкіндігінше ыңғайлы болуы керек және балаларға тек жағымды әсер қалдыруы керек.

Мектепке формасына қойылатын талаптар «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентімен (КО ТР 007/2011) реттеледі. Ең алдымен таңбалауды зерделеңіз — бұл жапсырмада, стикерде көрсетілген киім туралы деректер (дайындалған елдің атауы; дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының, дистрибьютордың атауы мен мекенжайына және де «ЕАС» белгісі; материалдағы табиғи және химиялық шикізаттың түріне назар аударған жөн.  Киімнің тұтастығына және жағымсыз иістің болмауына назар аударыңыз. Киімнен өткір иіс шықпауы керек. Ол матаны бояу кезінде зиянды немесе тіпті қауіпті химиялық заттарды қолданылғанын көрсетуі мүмкін.

Киім жасалған материалға назар аударыңыз. Есіңізде болсын, бала мектеп формасымен күнделікті бес-алты сағат немесе одан да көп уақыт өткізеді, сондықтан таза синтетикалық емес, табиғи жіптері (мақта, зығыр, кашемир және т.б.) басым аралас маталардан жасалған киімді алған дұрыс».

Баланың апаталық оқу жүктемесіне де  ата-ана назар аударғаны жөн.  Әр сынып оқушылары жасына сәйкес сөмке ұстауы керек. Мәселен, 1-3 сынып оқушысы үшін  салмағы 1,5-2 келілік оқу жиынтығы болуы ұсынылады.

 Жалпы айтқанда, облыс бойынша 2022 жылы 359 жиһазға өлшеу жүргізілді, оның 32 немесе 9%-ы нормативтерге сәйкес келмеді.

 Балалардың асханадан тамақ ішуі кезінде сақталатын нормалар бар. Оған да сақтықпен қараған жөн.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз