Жыл сайын ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын табуда. Бірінші тамыз бен 30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылатын бұл шараға жалпы Жетісу өңіріндегі әрбір кәсіпорын және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен бастап мешіт имамдары мен жамағаттарына дейін атсалысуда.
Осыған байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сай, Жетісу облысы бойынша мешіттерде 2000 балаға сөмке және түрлі оқу құралдары, 700 балаға мектеп формасы табыс етілді.
Діни басқарманың Талдықорған өңірі бойынша бас имамы Керімбек Дәуітовтің айтуынша, қайырымдылық – қадірлі іс. Оның үстіне биыл зат бағасы жаппай шарықтап кеткен. Бұл қарапайым халық үшін өте ауыр. Кейбір адамдардың күнкөрісі тіптен мүшкіл. Олардың басқаны айтпағанда күнделікті азық-түлік алуға жағдайы жоқ. Сондықтан қолында бар азаматтар мұқтаж адамдарға көмектессе үлкен сауапқа кенеледі.
– Мешіттеріміз жамағаттардың қол ұшын беруінде бұрын да көптеген отбасына көмек көрсетіліп келді. Енді міне «Мектепке жол», «Тең қоғам» акциясына да ұйытқы болуда. Осы орайда көмек алған әр отбасының мүшесі дін қызметкерлеріне алғыс айтып, ақжарма тілектерін жеткізуде. Мұндай шаралар бұдан былай да жалғаса беретін болады. Бастысы әрбір жасөспірім болашақта мейірімді, елін, жерін қорғайтын азамат болып жетілуіне тілектеспіз , — дейді бас имам.