«Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов Жетісу облысына іссапары кезінде Алакөл ауданына барды. Онда «Алакөл-Агро» ЖШС қызметіне ерекше қызығушылық танытты.
«Жетісу облысы – өнеркәсіп өндіріс, АӨК дамытуға қолайлы жағдайы бар стратегиялық маңызды өңір. Жетісу туризмді дамыту үшін жеткілікті табиғи ресурстары бар өлке, мал шаруашылығын дамытуға суы мен жем-шөбі мол аймақ. Ауыл шаруашылығын өңір ерекшелігін ескеріп дамыту керек»,- деді Жетісуға сапарында Райымбек Баталов.
Ауыл шаруашылығындағы табыс туралы айтсақ, «Алакөл-Агро» кәсіпорнынның жетістігін атап өткен жөн. Райымбек Баталов, ҰКП төрағасының орынбасары Ербол Есенеев, Ет-май бағытындағы республикалық қой шаруашылығы палатасының басшысы Нұржан Жумадиллаев, Жетісу облысы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаев, Батыс Қазақстан облысының «Бірлік» ЖШС басшысы Серғазы Исембаев кәсіпорындағы өндіріспен танысты.
«Алакөл-Агро» – мал шаруашылығы саласындағы табысты дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі, онда шамамен 45 мың бас қой-ешкі бар. Атап айтқанда, 28 мыңға жуық аналық бас өсіріліп жатыр. Сондай-ақ 580-ге жуық түйе де бар. Фермада қойдың бірнеше тұқымы өсіріледі. Қоңыр және қара қошқар, аққарабас қошқары, қазақтың ірі қара жүнді тұқымымен шағылысқан – Еділбай, Блютексель, тексель тұқымымен шағылысқан – Катадин, Оңтүстік Қазақстан мериносымен шағылысқан – Дорпер, таза Дорпер тұқымды төлді осынан табуға болады.
Кездесуде Жетісу өлкесінің қой өсірушілері Ұлттық палата басшысына қой өсіруде қолданылатын заманауи технологиялар туралы айтты. Тиімді техноогиялар қойшыларға өндірісте тиімділікке қол жеткізуге және еттің жоғары сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірде қойдың асыл тұқымды және өнімді қасиеттерін жетілдіру бойынша селекциялық жұмыс деңгейін арттыру мақсатында ғылыммен тығыз ынтымақтастықта барын атап өтті.
«Қазақстанның тәуелсіздігі кезеңінде қой шаруашылығы 14 млн-дай мал басын жоғалтты. Егер 1990 жылы Қазақстанда қой мен ешкінің саны шамамен 35 млн. басты құраса, биыл мал басы шамамен 21 млн.-ды құрады», – деді «Алакөл агро» ЖШС басшысы Скендир Төреханов.
Компания басшысының айтуынша, бүгінде ірі бизнес қой шаруашылығына қаражат салуға мүдделі. «Біздің компания үшін қой шаруашылығы – жаңа бағыт, бірақ қазірдің өзінде біз саланы ұзақ мерзімді перспективада тұрақты табыс көзі ретінде қарастырамыз», – деді ол.
Сонымен қатар Райымбек Баталов Алакөл ауданына сапарында жайлауда жас мал отарын жасақтау үшін арнайы аппарат арқылы қозы-лақтарды енесінен ажырату процесіне қатысты. Жаңа отар қалыптастыру – қозыларды енесінен ажырату бойынша жыл сайын өтетін экономикалық шара. Бұған дейін күніне 1 мың бас қозыны ажырату мүмкін болса, қазір аппараттың көмегімен олардың санын төрт мыңға дейін көбейтуге болады.
Ұлттық палата төрағасы компанияның республика экономикасын дамытудағы тәжірибесін атап өтіп, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігін атап өтті.
«Жалпы, салаларды дамыту кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Өндіріс процесінің өзі, қаржымен қамтамасыз ету, маман дайындау және техникамен жабдықтау, тиімділікті арттыру үшін белгілі бір жағдайлар жасау қажет. Бұл ретте, мемлекет жаңа экспорттық нарықтарды ашу, тұрақты мемлекеттік саясат мәселелерін өз мойнына алуы тиіс. Біз өз кезегінде бизнеске оңтайлы және тиімді шешімдер дайындауға және ұсынуға дайынбыз. Әр өңірде өз лидерлері бар, олардың тәжірибесін көбейтуіміз керек», – деп қорытындылады Райымбек Баталов.