Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда Семей және Чернобыль апаттарынан зардап шеккен азаматтарға арналған еңселі ескерткіш бой көтермек. Биыл кезінде қазақ даласындағы 1.5 миллионға жуық адамға ауыр зардап әкелген Семей ядролық сынақ алаңының жабылғанына 31 жыл. Нақты дерек көздеріне жүгінсек, жалпы аумағы 18 миллион гектарды құрайтын бұл полигонда 1949-1989 жылдар аралығында 456 мәрте атом сынағы жүргізілген. Сарапшылардың мәліметінше, ондағы барлық жарылыстың күші Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есеге артық. Ал ауаға тараған радиоактивті жауын 304 мың шаршы шақырымға жайылған.
Жетісу облысындағы Семей полигон мүгедектер және ардагерлер бірлестігінің төрағасы Толыбек Данабековтың айтуынша, тамыз айының 29 күні Семей жұрты үшін халыққа қатер төндірген атом сынағынан арылған күн. Бүгінде еліміздің әр аймағында жарылыс аймағында болып, оның зардабын жоюға атсалысқан көптеген азаматтар тұрады. Біраз адамдар сол жарылыстың кесірінен денсаулығынан айырылып, мезгілсіз дүние салды. Қазір Талдықорған қаласында Семей және Чернобыль апаттарынан зардап шеккен 200-ден астам ардагер бар. Олардың басым көпшілігі еңбекке жарамсыз күйге түскен.
Ал, Жетісудың облыс орталығынан еңселі ескерткіш орнату аймақтағы ядролық сынақтан зардап шеккен азаматтар көптен күткен арманы болатын. Өткен жылы аймақ және қала әкімдеріне ардагерлер бірлестігінің бастамасымен ескерткіш орнату туралы өтініш жолданып, қолдау тапқан еді. Көп өтпей шаһардағы «Жеңіс» саябағынан орны да белгіленіп қойған.
Осыған байланысты ескеріткіш жұмыстарын қолға алу қарсаңында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Бақытұлының қатысуымен арнайы іс-шара өтті. Бір минуттық үнсіздікпен басталған еске алуда арнайы құрбан шалынып, өмірден өткен азаматтардың рухына Құран бағышталды.