Оңтүстік Кореядан келген дәрігерлер Жетісу облысының 1000-нан астам тұрғынын тексеруден өткізді

490

Корея Республикасы Хёндэ госпиталі , «Чунг-Анг» университетінің медициналық орталығынан арнайы Жетісу облысына келген бір топ дәрігерлер  Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханада 5 күн бойына Жетісу облысының тұрғындарын қабылдады.  Осы уақыт аралығында Хёндэ госпиталының  директоры Ким Бу Соп бастаған мамандар 1000-нан астам тұрғынды   қабылдап, кеңес берді.  Сонымен қатар травматология мен хирургия саласы бойынша 33 ота жасады.

Жетісу өңіріне Хёндэ госпиталінен 4 –ші рет келген мамандар  қатарында нейрохирург, хирург, терапевт, хирург-травматолог және шұғыл медициналық көмек бойынша қызмет көрсететін мамандар бар.  Хёндэ госпиталының  директоры Ким Бу Соп мұндай қайырымдылық акциясын жылда өткізуге не себеп болғанын айтты.

-1930-шы жылдары Қазақстанға басқа халықтармен бірге корейлер де жер аударылды. Сол аштық кезінде қазақтар корей халқына үлкен көмек көрсетті. Қазақтарға алғыс білдіру және екі ел арасындағы достықты нығайту үшін біз жыл сайын келіп,  дәрігерлермен тәжірибе алмасып, тегін тексерулер мен операциялар жасаймыз, — деді госпиталь директоры.

2018 жылы облыс әкімдігі,  Қазақстан халықтары ассамблеясы және Қазақстандағы корей халқы ассоциациясы бірлесіп  Хёнде госпитальімен Жетісу өңірінің тұрғындарын  жыл сайын медициналық тегін тексеруден өткізу туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандумға қол қойылған сәттен бастап шетелдік мамандар тізе, жамбас және басқа буындарды ауыстыру бойынша 50-ден астам ота жасады. Сонымен қатар Хёндэ клиникасының есебінен біздің еліміздің дәрігерлері Оңтүстік Кореяда білім алуда.

Талдықорған қалалық көпсалалы аурханасының директоры Асқар Садықов корей елінің дәрігерлері  травматологиялық, хирургиялық операциялар жасаумен қатар тәжірибе алмасып, жаңа дәрі-дәрмектер мен медициналық  жабдықтарды енгізу туралы ақпаратпен алмасып отыратынын айтты.

-2018 жылдан бастап біздің бірқатар қызметкерлеріміз және бірнеше аудандық ауруханалардың мамандары  Хёндэ  госпитальінде біліктілікті арттыру курстарына қатысты.  4 жылдан бері мамандар еріктілермен, жетекші профессорлармен және клиниканың директорымен бірлесіп біздің ауруханаға келіп,  консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ бірқатар хирургия және травматология саласы бойынша оталар жасалды, — деді аурухана директоры.

Дәрігерлердің Жетісу өңіріне сапары барысында облыс  әкімдігі  Корея Республикасы Хёндэ госпиталі, «Чунг-Анг» университетінің медициналық орталығымен халық денсаулығын жақсарту, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында келісім меморандумына қол қойды.

Меморандум негізінде    екі елдің  мамандары травматология, хирургия және  радиология  салалары бойынша  бірлесе жұмыс атқаратын болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз