Мағжан Жұмабаевтың туғанына-130 жыл. «Қазақ елі бір ауыз сөзім саған…»

1791

Алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің ғана еес, күллі түркі жұртының шоқтығы биік қаламгері Мағжан Жұмабаевтың туғанына  биыл 130 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай Жетісу облысы тілдерді дамыту жөніндегі  басқармасының ұйымдастыруымен рухани шара ұйымдастырылып, оған ақын-жазушылар, әдебиетші ғалымдар, мәдениет пен руханият саласының қызметкерлері,тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кеш барысында  І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық унивеситеті филология институты және Әлихан Бөкейханов атындағы ғылыми  зерттеу институтынан  арнайы шақырылған ғалымдар мен сала мамандары баяндама жасады. Артына өшпес мұра қалдырған көрнекті қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесі ұйымдастырылып, өлеңдері оқылды.

Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының,«Қыр баласы» қоғамдық

қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы:

Мағжан өзі үшін емес, Алаш жұрты үшін ұлт жолында жанын қиды. Бірақ, еткен еңбек, қылған қызмет және ең бастысы – Сөз қалды, артында. Мағжан Жұмабайды білмейтін қазақ кемде-кем. Ол – санқырлы тұлға: Мағжан – педагог, Мағжан – ақын, Мағжан – қайраткер, Мағжан – аудармашы. Мағжанның әдеби мұрасында сыршылдық та, лиризм де, сонымен қатар өршіл рух, қайсарлық бар. Әуелде ауылдастары бала Мағжан жазған әзіл-сықақ өлеңдеріне: «Бекеннің ұлының шимай-шатпағы ғой», ‒ деп аса мән бермейді. Ақын туралы толымды дүниені алғашқы боп Жүсіпбек Аймауытұлы жазған еді. Автор 1923-ші жылы «Лениншіл жас» жорналының № 5 санындағы «Мағжанның ақындығы туралы» атты рецензиясында былай дейді: «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма, бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде оятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді». Бұл ‒ нені болсын тереңінен толғайтын, қарасөздің қадірін білетін қайран Жүсіпбектің үлкен бағасы. Осы мақаласында автор Мағжанның қазақ әдебиетінде жаңа жол ашатын, мектеп қалыптастыратын күшке ие екенін, «жеңіл-желпі өлеңшілер» оған қарап бой түзеп, формасына, мазмұнына, техникасына, «кестелі, ырғақты, күшті даяр сөзіне» еліктейтінін атап өтеді. Мағжан – дінді, жаратылыстану, яғни «дүние ілімін», сондай орыс, батыс, шығыс және төл әдебиетті, мәдениетті бойына сіңірген тұлға. Мағжанның совет заманындағы туындыларында «пайғамбар», «Алла», «Тәңірі», «періште» сөздерін қолданғаны үшін «діншіл», ал тарихи мотивтерді жаңғыртқаны үшін «ескішіл», «баяғы дәуірді көксеуші» деп айыпталуының себебі осында.

Абай Мырзағали, Педагогика ғылымдарының магистрі, Әлихан Бөкейхан атындағы ҒЗИ ғылыми қызметкері, қазақтың алғашқы баспасөзі мен оқулықтарын зерттеуші:

Бұл баяндамамда  Мағжан Жұмабаевтың Мәскеуде айналысқан шығармашылығына тоқталдық. Ұлт істері үшін бір бағытта – білім мен ғылым істеріне өздерін арнаған, мақсаттары бір арнада тоғысқан Алаш азаматтары Алашорда үкіметі таратылып,  Кеңес үкіметі орнаған кезеңдерде де өз ұстанымдарынан ауытқымай,ұлты үшін аянбай еңбек ете білді. Еліміз тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткен күннен бастап Алаш мұрасын зерттеп-зерделеу жүйелі түрде жүргізілді. Биыл Мағжан Жұмабаев атамыздың 130 жылдығы мерейтойы аталып өтіп жатыр. Аталған іс-шараға азаматтық үн қосу мақсатымен Мағжан Бекенұлының Мәскеудегі шығармашылығы, баспадан жарық көрген еңбектеріне тоқталдым. Ұрпаққа үлгі берер Алаш мұрасы әрқашанда ұлттық санамыздан өшпесін деп тілейік.

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз