Тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеттері жаңартылады

228

Облыс орталығы Талдықорған қаласында биыл 39 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жаңартылып, 20 үйдің қасбеті жөндеуден өтеді. Бүгінде бұл жұмыстар қарқынды түрде басталып, қызу жүргізілуде.

Талдықорғанда бүгінде 800-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың басым бөлігі 1970-80 жылдары салынған. Қазіргі уақытта көптеген үйлердің шатыр жабындысы мен қасбеті тозып, жаңартуды қажет етуде.

Осыған орай қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала аумағында жыл сайын тозығы жеткен тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын арттыру және қала келбетін жақсарту мақсатында жүзеге асуда.

Еске салсақ, өткен жылы 28 үйдің шатыры жаңартылып, 11 үйдің қасбеті ретке келтірілген болатын. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің аулалары да кезең-кезеңімен абаттандырылып, заман талабына сай ретке келтірілуде. Жуырда Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл  көпқабатты тұрғын үйлердің шатырын ауыстыру жұмыстарының барысымен танысты.

Ең алдымен «Самал» шағын ауданындағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарды қарап, кейін Жансүгіров көшесі мен «Жұлдыз» шағын ауданындағы көпқабатты үйлерге барды.

Бұл үйлердің басым бөлігі 1960-70 жылдары салынған. Қаланың инфрақұрылымын жаңарту қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі.

Қала әкімі мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ең алдымен құрылыс барысындағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау және атқарылып жатқан істің сапасына мән беру, оны белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеді.

Қала әкімі Ернат Бәзіл:
— Құрылыс нысандарында жасап жатқан жұмысшылардың қауіпсіздігіне аса мән беру қажет. Берілген құрал-жабдықтармен қатар, арнайы киімдердің болуы шарт. Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде барлық талаптар сақталуы тиіс. Қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды, – деді.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз