Еңбек адамы — жауапкершілікпен жұмыс істейтін, өзінің кәсіби міндеттерін орындайтын, біліктілігін арттыруға және өз саласында жетістікке жетуге ұмтылатын адам. Ол уақытты бағалайды, жоспарлауды біледі, алға ұмтылады. Олар мүдделері, мақсаттары мен жетістіктері бар, әрекеті арқылы айналасындағы әлемге әсер ететін жандар. Жұмыс, отбасы, бизнес, білім мен тәжірибе — бұл әр адамның даралығын қалыптастыратын және оның жеке өсуіне ықпал ететін факторлар. Бұлардың әрқайсысы қоғамның маңызды бөлігі болып табылады. Нәзік болмысына қарамастан бірқатар қызметті қатар алып жүрген кейіпкеріміз Айнұр Алтынбекованың дара жолы жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.
Өнер — мінсең ат, ұшсаң — қанат, кисең — жанат, ішсең – тамақ
Мәдениет — халықтың көркемдік көкжиегін, танымы мен тағылымын қалыптастыратын маңызды сала. «Ол ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады». Адамзаттың даму жолын музыкасыз елестету мүмкін емес. Ол адам жан-дүниесінің айнасы іспетті. Біздің өңіріміз тарихи асыл мұралардың, биік өнердің кені болған киелі мекен. Бұл жерден танымал мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері шыққанын әрдайым мақтан тұтамыз. Бүгінде сол тұлғалардың жолын жалғап, өнер саласында еңбек етіп жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі –Айнұр Алтынбекқызы. Ол азаттықтың ақ таңы арайлап атқан сәтте санамызды сілкінтіп, жадымызды жаңғыртқан мәдени мұраларды насихаттау жолында құрылған өнер ошағы «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің жеке дауыстағы әншісі. «Өнер жолы әрине қиын, әсіресе, әйел адамына екі есе ауыр, соған қарамастан қиындыққа көз жұма қарсы келе жатырмын. Себебі, өзімді өнерсіз елестете алмаймын. Гастрольдік сапарда ешқандай қиындық туған емес, жолдасым екеуміз бір салада еңбек етіп жүрміз, сонымен қатар түсінігі мол енем бар. Маған әрқашан ақ жол тілеп, «уайымдамай, жолдасыңның қасынан қалмай жүре бер» деп батасын беріп, бірге шығарып салады. Аллаға сансыз шүкір деймін!»
Қыз баланың міндет-парызының жүгі ауыр
Ұлы ғұлама Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол -адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін» — деп арулардың қоғамдағы рөлін айшықтап берген еді. Расымен де әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Дана халқымыз «Ұл туса, ұрпағым өседі, қыз туса, ұлтым өседі» деп тегін айтпаса керек. Отбасындағы тыныштық, ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесімділік, бақыт, махаббат, бар затты ұқсату, шаңырақтағы әдемі, жайлы атмосфера, жалпы үйдегі көңіл-күй осының барлығы әйел адамға тікелей байланысты. Әйел – әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы. Айнұр Жансүгіров кентінің тумасы, қазіргі таңда Көксу ауданына қарасты Еңбекшіқазақ ауылының келіні. Жары Әлішер екеуінің отасқандарына 6 жыл уақыт болған. Аймағымыз бойынша ұлттық құндылықты дәріптейтін «Жетісудың үздік келіні-2022» сайысының жеңімпазы атанды. « Байқау өте жоғары деңгейде өтті, қарсылас келіндердің дайындығы да керемет болды. Бір күні жан құрбым «Сен қатыссаң сөзсіз жеңесің» деп ақпаратын жіберді. Бағымды сынап көрейін деп енемнің батасын алып жобаға ұсыныс тастадым. Байқаудың арқасында қайын жұртым қай жерде болмасын «біздің келін облыс бойынша үздік келін» деп мақтауымды асырып отырады. Мен әулеттің жалғыз және кіші келінімін. Кішкентай келіндік жолымда көп тәрбие алдым, жалпы қиыншылығы мен қызығы қатар жүретін келіндік өмір маған көп дүниені үйретті. Үлкен отбасы болғандықтан біз қазақы салттарды ұстанамыз, үш баламыз да ата-апасының тәрбиесінде».
Уақыт өткен сайын блогсфераның аясы кеңеюде. Бұл біреулер үшін жәй ғана өзіндік көзқарас пен пікірін білдіру алаңы, ал, біреулер үшін қаржы көзі. Кейіпкеріміз де заманның осынау жаңа саласын меңгерген жан. Тұтынушы табу, сатумен айналысу, серіктестер өнімін жарнамалау сынды жұмыстар жүргізіп, жеке парақшасын кішігірім бизнес-жобаға айналдырған. «Парақшамды блогер келін ретінде жүргізіп келемін, жолдасым да, ата-енем де ешқандай қарсылық танытпады. Керісінше тамақты дастарханға қойып жатсам атам «тоқтай тұрыңдар, Айнұр инстаграмға түсіріп алсын» деп отырады. Оқырманыма life style, яғни, күнделікті таңнан басталған тіршілігімді салып отырамын, бұл оқырмандарыма өте қызық, тіпті, іздеп отырады. Инстаграм арқылы күнделікті өмірімді көрсете отырып, тауарларымды да сатамын, тойға тапсырыс қабылдаймын, жарнама жасаймын».
Бүгінгі кәсібің – ертеңгі нәсібің
Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес. «Егер тексерілген деректер, бухгалтерлік есептер немесе қаржылық дирекция қажет болса, оны қыз-келіншектер тап-тұйнақтай етіп реттеп қояды. Әйелдер шын мәнінде жұмысқа бар білімін салып, асқан кәсібилікпен әрі жауапкершілікпен қарайды. Олар жылына 365 күнді еңбекке арнайды, күш-жігерін салады». Еңбекке деген адалдық сенімді тудырады, ал бизнестегі сенімділіктің маңызы зор. Еліміздің кәсіпкерлік алаңында азаматшалардың үлесі айтарлықтай. Яғни, нәзікжандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік танытуда. Айнұр тұрақты қызметімен қатар қосымша ісін де дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер. «Ең алғашқы кәсібіміз — жолдасым екеуміз өнер жолында жүргендіктен той ұйымдастыру орталығы. Қаншама жыл әнші ретінде жұмыс атқарсам да тұрмыс құрмаған арулардың қыз ұзатуы дұрыс емес деген ойда болдым, отбасылы болып, ана атанғаннан кейін, бұрынғының жолымен қыз ұзатып келемін. Жалпы, қоғамда бірі әйел үйде отыру керек десе, екіншісі әйелдің де жұмыс жасауға өз еркі бар деген пікір бар. Менің отбасымда «келін үйде отыру керек» деген қағида жоқ. Киім сататын дүкенді ашқан кезде де ата-енем үлкен қолдау білдірген, үлгеретін адам барлығына үлгереді ғой, маған сенім білдіріп «жүрегіңнің қалауы осы болып , қолыңнан келіп тұрса неге бастамасқа» деп отағасының қолдауымен 1 жыл бұрын қыз-келіншектерге арналған «Flamingo» киім дүкенін аштық. Қазіргі таңда өзінің тұрақты тұтынушыларының сүйікті дүкеніне айналып үлгерді. Егер адам шын қаласа бәріне үлгереді. Жалпы, адамда мақсат пен ереже болу керек. Осы екеуі өзара ұштасқан сәтте уақытың тығыз болса да жолдасыңа, балаларға, жұмысыңа, үй шаруасына да үлгересің. Таңертең балаларымды балабақшаға дайындап, артынша түскі асымды жасап жұмысқа кетемін, тойға кететін күні ерте келіп кешкі асымды дайындап, үй шаруасын реттеп шығамын».
Рая НҰРЫШҚЫЗЫ, енесі: Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатырмыз, 3 баланың анасы, ұлымның өмірлік серігі, аяулы жары. Ешқашан бетіме қарап сөз қайтарып сөйлеген емес, Айнұрымды қызымдай көремін. Бүгін келін болып түскендей құрақ ұшып сыйлап, ізет көрсетіп тұрады. Ене мен келін шаңырақтың шайқалмауын ойлауы керек, жанұямыздың тату тәттілігін сақтауға жанымызды саламыз, әр затты ақылдасып шешеміз. Бүгінде ол менің ақылшым, сырласым, көмекшім. Оған әрқашан ақылымды айтып, жол сілтеп, көмектесеміз. Қандай іс бастаса да қолдап отырамыз. Ең бастысы аман болсын, қосағымен қоса ағарсын.
Сабина АСҚАРҚЫЗЫ, әріптесі: 2018 жылы «Flamingo» тобы құрылып жатқан сәтте танысып, бірден жақын араласып кеттім. 2 жыл аталмыш топта қызмет жасадым. Сол аралықта оның жан жақты екенін, асыл жар , аяулы ана, өз үйінде сүйікті қыз, отбасында үлгілі келін екеніне көзім жетті. Айнұрдан көп нәрсені үйрендім. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой, жолы маған да жұғысты болсын деп мені өзі ұзатқанын қалайтынмын. Сол тілегім өткен жылы орындалды. Қазір Айнұрымның бір «немересі» бар.
Арайлым ӘЛІМЖАНОВА, «Жетісу келіндері орталығы» ҚБ басшысы: Байқау жалпы төрт кезеңнен тұрды. Әр әулеттің мың бұралған келіндері өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан ақпарат беріп таныстырды, өнер сайысында өздерінің өнерлерін паш етті. Ұлттық тағамдарын көрсетіп, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға асқан шеберлікпен мүдірмей жауап берді. Ертеден сақталған, қанға сіңген ата дәстүрлеріміз бірте-бірте көмескіленіп, ал ұлттық тағамдарымыз ұмытылып бара жатқаны бәрімізге мәлім. Ұмыт болып бара жатқан тағамдарды қайта жаңғырту мақсатында байқаудың үшінші кезеңінде келіндерге ұлттық астың бірін әзірлеу ұсынылды. Бүгінгі жастар ұлттық тағамдардың санын «бешбармақ, бауырсақ, құрт-ірімшік» деп шектейтіні өтірік емес. Үлпершек, ысталған шек, быламық, жаужүрек, балқаймақ, өрметөс, басқарын, көмбе, әспі десек, ойыңызға не оралады?! Иә, барлық қатысушылар жаңағы бешбармақ пен қазы-қарта ұсынғанда, Айнұр Алтынбекова өрметөс дайындаған екен. Бірден бір ерекшелігі сол болды. Және тағы бір өзгешелігі бас жүлде иегері салт-дәстүрге бай көрініс көрсетуінде. Үздік келін-сыңсу айтты, құдалық жайын көрсетті. Құда түсіп, сырғасы салынған, некесін қидырған қыздың үйінен ұзатылып шығарда ел-жұртымен қоштасып айтқан әнін естісеңіз жүрек елжірейді. Ол туған жерге, туысқандарына деген қимастығын айтты, «қыздың қонақ» екенін артында өсіп келе жатқан сіңлілерінің құлағына салды. Көрер көзге оның үздік екені сөзсіз білініп тұрды.
Айжан БОЛАТОВА.