Талдықорғанда аутизмі бар балаларға арналған және ерте араласу орталықтары ашылды

1462

Талдықорғанда аутизмі бар балаларға арналған орталық пен Ерте араласу орталығы салтанатпен ашылды. Салтанатты іс-шараға Жетісу облысы әкімнің орынбасары Әли Рустам, Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас менеджері Алдаберген Кемпірбаев, «Қамқорлық Қоры» ҚҚ директоры Арайлым Еркінова  қатысты,-деп хабарлайды  taldykorgan-online.kz желілік сайты басқа басылымдарға сілтеме жасап.

Аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық Балпық би көшесі, 86 мекенжайында орналасқан. Орталықта түрлі мамандар бар, олар әр баланың қабілеттері мен қажеттіліктерін ескеріп, әдіскерлер әзірлеген жеке бағдарлама бойынша жұмыс істейді.

Мінез-құлықты түзету әдістемесіне негізделіп, тиімділігі дәлелденген АВА терапиясы бойынша балалармен жұмыс жүргізіледі. Баланы дамыту бағдарламасында дефектолог, логопед, психолог, кәсіби терапевт, жаттығу терапиясының нұсқаушысы дәріс береді.

Сонымен қатар, орталықта кәсіптік терапия, бейімделу және емдік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, робототерапия және робототехника, қыш жасау, ата-аналармен жұмыс, сенсорлық интеграция, әлеуметтік-тұрмыстық бағдар бойынша сабақтар сынды бағыттар қарастырылған.

 Ал, облыстық перинаталдық орталықтың базасында орналасқан «Қамқорлық» ерте араласу орталығы нейро-ортопедиялық бұзылысы және олардың даму қаупі бар 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларға арналған. Мұнда жөндеу жұмыстары аяқталып, жабдықтар орнатылды, шілде айынан бастап орталық балаларды қабылдайды.

Жыл сайын 600 бала мұнда абилитациялық және оңалту көмегін ала алады. Әрі орталықта диагностикалық аудиологиялық тексеріс пен озық үлгідегі мидың ЭЭГ қолжетімді.

Кішкентай пациенттермен жұмыс істеу үшін реабилитолог-дәрігер, невропатолог, ЕДШ нұсқаушысы, кәсіптік терапевт, логопед және дефектологтан жасақталған мамандардың тобы дайындалып жатыр. Орталық мамандары қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Аутизмі бар балаларға арналған орталық пен ерте араласу орталығының қызметкерлері Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен бірнеше кезеңде білім алады.

Орталықтың кабинетін жабдықтап, жиһазбен және заманауи техникамен қамтамасыз етуді «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорлары мойнына алған. Өңір әкімдіктерінің қолдауымен жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– Серіктестермен бірге Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облысында, Алматы қаласында аутизмі бар балаларға арналған 4 орталық аштық. Биыл тағы 4 орталық ашу жоспарланған. Соның нәтижесінде 1,5 мен 18 жас аралығындағы аутизм спектрі бұзылған 1000-ға жуық балаға орталық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жоба аясында 11 ерте араласу орталығы ашылды. Жыл соңына дейін ерте жастағы балаларға арналған 9 орталық ашу жоспарланып отыр. Ерте араласу орталықтары жыл сайын ел бойынша 12 000 баланы қамтиды, – деді «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова.

Өңірлік халықты әлеуметтік қорғау басқармасының жолдамасы бойынша орталықтың барлық қызметі тегін көрсетіледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз