Талдықорған қалалық қоғамдық кеңесінің 4-ші отырысы өтіп,оның күн тәртібіне шаһарымыздың тыныс-тіршілігіне қатысты маңызды үш мәселе қойылды. Нақтырақ айтқанда, Талдықорған қаласы әкімінің атқарған жұмыстары, Талдықорған қалалық мәслихатының «2024 жылғы 24 желтоқсандағы «Талдықорған қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті туралы» №29-174 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және Талдықорған қаласының мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру және өткізу туралы мәселе қаралды.
Кең байтақ еліміздің қалалары мәртебесіне сай тұрақты даму үстінде. Әр шаһардың атауы аталып, түсі түстелгенде көз алдыңа келбеті де елестей жөнеледі. Әсіресе, жерұйықты өлкенің орталығы – Талдықорған қаласына тамсанбайтындар кемде кем. 200 мыңнан астам тұрғыны бар қаланың бүгінгі дамуы ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде. Спорттық нысандар салынып, шағын аудандар қатары көбейді. Биыл «Коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйлерді жобалау және салу,жаңғырту» бағдарламасы аясында 7 функционалдық топ бойынша жобалық-сметалық құжаттама даярлауға – 15 424 мың теңге көзделген. Күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе туралы баяндама жасаған қала әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, қаражаттың басым бөлігі «Береке» коттедж қалашығында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге, Бас жоспарға сай абаттандыруға, Ынтымақ ауылының тұрғын алабында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге сараптама жасауға,Гимнастика залының құрылысын жүргізуге, Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданының жылумен жабдықтау желілері құрылысына, Талдықорған қаласының тыныс-тіршілігін басқару орталығы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын даярлауға және «Елді-мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасы аясында көзделген шараларды атқаруға бөлініп отыр. Оның ішінде ескерткіштерді, саябақтарды қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары мен аулаларды абаттандыру ісі де бар. Бұдан басқа азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге – 5 042 733 мың теңге, бюджеттік кредит түрінде тұрғын үй сертификаттарын беруге-20 000 мың теңге, Береке көшесі мен Өтенай кентіндегі Еңбекші көшесінің бойындағы тұрғын үйлерді ағымдағы жөндеуге – 19 200 мың теңге қарастырылған. «Мәдениет, спорт, туризм ақпараттық кеңістік» 8 функционалдық топ бойынша – 30 384 мың теңге. «Көлік және коммуникация» 12 функционалдық топ бойынша барлығы – 1 285 789 мың теңге қаражат көзделген. Екінші мәселе бойынша баяндама жасаған «Талдықорған қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» ММ басшысы Қайрат Мәженов Жетісу облысы мәслихаты сессиясының 2025 жылғы 28 мамырдағы шешіміне сәйкес, кейбір бағдарламалар бойынша қала бюджетінің көлемі – 8 237,6 млн. теңгеге көбейгенін, сонымен қатар, кейбір түрлері бойынша шығыстар – 2 074,0 млн. теңгеге азайғанын, нақтылау нәтижесінде қала бюджеті – 6 163,6 млн теңгеге ұлғайғанын атап өтті. Екі мәселе бойынша баяндамашылардан сауалдарына толыққанды жауап алған қоғамдық кеңес мүшелері үшінші мәселеде аяғы тұсалған аттай болғаны жасырын емес. Яғни, қаламыздағы орта білім берумен айналысатын 27 жалпы орта білім беретін мектептерден оқу жылын аяқтаған 35850 баланың жазғы демалысын тиімді өткізу мәселесі әлі де өзекті күйінде. Себебі, ол балалардың 1586 ғана ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысы негізінде қала сыртындағы лагерлермен қамтылады. Оған облыстық бюджеттен 106 млн. 252 мың теңге қарастырылған. Қалған 27 мың 564 оқушы мектеп жанындағы лагерлер мен жазғы алаңдарда танымдық, спорттық, шығармашылық бағыттағы үйірмелерге қатысады, танымдық экскурсияларға барады. Мектеп жанындағы лагерлерге баратын балаларға сусын да тамақ та берілмейтіні өкінішті, әрине. Бюджет қаражаты оған қарастырылмаған. Қоғамдық кеңес мүшелері Талдықорған қаласының мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру және өткізу туралы баяндама жасаған «Талдықорған қаласының білім бөлімі» ММ басшысы Шынар Шәріпбаеваға және кеңес отырысына арнайы қатысқан Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымовқа балалардың жазғы демалысын лайықты ұйымдастыруға қатысты пікірлерін айтып,ойларын ортаға салды. Дегенмен, баяндамаға арқау болмаса да қала аумағында жазғы демалыс лагерлерін ашуда сең қозғалғандай. Мәселен, қала аумағындағы бұрынғы «Күншуақ» сауықтыру-емдеу орталығы демалыс лагері ретінде қайта құрылымдалуда. Сонымен қатар кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен лагерлерді қайтарып алу ісі ақырындап қолға алына бастаған. Бірақ, кезінде тиынға сатып алған демалыс орындарын ақылға сыймайтын қаржыға қайта саудалап, «майшелпектен» ажырағысы келмей отырғандар ел болашағы саналатын балалардың бүгінгі күйіне бастарын қатырғысы да келмейді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген, балаларға бүгін лайықты қамқорлық көрсетсек, ертең оның қайтарымы болары сөзсіз. Осыны жадымыздан шығармасақ екен.
Гүлжанат Нұршанова





























