Талдықорғанда «VETERENARUS OPEN ZHETYSU -2025» республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Жетісу облысының Білім басқармасы мен «Талдықорған аграрлық-технологиялық колледжі» ШЖҚ МКК бірлесіп өткізген шара техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының «Ветеринария» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің кәсіби шеберлігін арттыруды, шығармашылығын дамытуды және тәжірибе алмасуға жағдай жасауды көздеді. Сонымен қатар, ветеринария мамандығының қоғамдағы беделін көтеру де басты мақсат болды.

Байқауға еліміздің өзге өңірлерінен 9 үздік студент қатысып, заманауи технологияларды қолдана отырып, нақты практикалық тапсырмаларды орындады. Қатысушылар өз білімдерін, кәсіби дағдыларын және шығармашылық қабілеттерін паш етіп, әділ қазылар алқасының алдында сынға түсті. Қазылар алқасы құрамында, Жетісу облысының Ветеринария басқармасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Талдықорған қалалық аумақтық инспекциясы, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КЕАҚ, Жетісу облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары сайыскерлердің біліктілігі мен білімін анықтады. Сонымен байқауда Талдықорған жоғары аграрлық-технологиялық колледжінің білімгері Абдулманап Нұрсұлтан Қанатұлы І дәрежелі дипломды иеленді. Ал, ІІ дәрежелі дипломға – Құлан агротехникалық жоғары колледжінің білімгері Камидулла Ернар мен Талғар агробизнес және менеджмент колледжінен Нұрлан Ермұхаммед Ермекұлы ие болса, ІІІ дәрежелі диплом Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенті Едіге Өсерұлы мен Қапланбек жоғары аграрлық колледжінен Қармыз Кенжебекке табысталды.
Сондай-ақ, арнайы номинациялар иегерлеріне сыйлықтар табысталды. «Талапты жас маман» атағын Нұртілеу Мәди Ержанұлы, Расул Сейтқамалов иеленді. Ал, «Үздік болашақ ветеринар» аталымында Жеңісбек Жанбатұлы үздік атанды.
Байқау биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы және Талдықорған жоғары аграрлық-технологиялық колледжінің 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар болашақ ветеринар мамандардың кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және салада бәсекеге қабілетті кадрларды анықтауға зор мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар байқауға белсене қатысқан барлық студенттер мен олардың жетекшілеріне алғыс білдіріп, келешекте де осындай кәсіби сайыстардың жалғасын табатынына сенім білдірді.
Майра Ержигитова,
Талдықорған жоғары аграрлық-технологиялық колледжі
директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары





























