Балалардың жазғы сауықтыру лагері жұмысы жанданады

2221

Жаз  айы келді. Оқушы балалардың жазғы демалысы басталды. Әр ата-ананың ендігі уайымы оқудан қолы босаған баланың бос уақытын қалай өткізуге болады деген сұрақ мазалайды. Ал биыл оқушылар үшін жазғы лагерлер ұйымдастырыла ма деген сауалға Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен «Балалардың жазғы сауықтыру лагері»  атты брифинг барысында жауап таптық.

Бүгінгі күнде  Жетісу облысы бойынша жалпы білім беру ұйымдарында 128758 оқушы білім алуда.  Оның 56 мыңдайы әлеуметтік жағынан қорғалатын топтағы балалар (көп балалы, аз қамтылған, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес отбасыларының балалары) санатында.

Спикер Жетісу облысы білім басқармасы дене тәрбиесі, спорт,алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасенов толық ақпарат берді.

 «Жалпы алғанда,  облыс бойынша 10 қала сыртындағы лагерь  жұмыс жасайды деп күтілуде,  оның 6-ы мемлекеттік, 4 — жекеменшік.

2023 жылы облыстағы қала сыртындағы 9 лагерь дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.  Олар,  Текелі қаласында «Алтын Чажа», «Эдельвейс», «Бастау», Алакөл ауданында «Шағала», Көксу ауданында «Қарлығаш», Ескелді ауданында «Айналайын»,«Көктөбе», Ақсу ауданында «Тамшыбұлақ», Панфилов ауданында «Қарлығаш». 2023 жылы облыстық бюджеттен  арнайы қаржы балаларды жазғы сауықтыруға бөлініп отыр.  Аталмыш демалыс орындарына 13838 оқушыны, оның ішінде  жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы, аз қамтылған балалар да бар,  жазғы лагерлермен қамту жоспарланып отыр»,- дейді білім басқармасының өкілі.

Сондай-ақ, жыл сайын мектеп жанындағы алаңдар ашылып жұмыс атқарады. Мұнда тамақтандыру және күндізгі ұйқы ұйымдастырылмайды.  Балалар 4 сағаттан аспайтын мерзімде болып, дене шынықтыру-сауықтыру, оқу-тәрбие қызметі және мәдени бос уақытын өткізу жүзеге асырылады.

 Мектеп жанындағы тамақсыз лагерлермен — 43423 баланы, экскурсиялық саяхаттармен —  5640 баланы, демеушілермен – 1004, ата-ана қаражат есебінен -38573, қосымша білім берумен 780,  осылайша барлығы 103258 баланы қамту (85,5%) жоспарлануда.Бүгінгі күнде 13838 баланы лагермен қамту мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланып, нәтижесінде 8828 бала лагермен қамтылып, 4402 бала порталда тұр. Қала сыртындағы  лагерлерде 316 педагог, мектеп жанындағы жазғы алаңдарда 3658 педагог  балалармен жұмыс жасайды.

Барлық жалпы білім беру ұйымдарында «Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналыстары өткізілді. Білім басқармасы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп қала сыртындағы лагерлерде төтенше жағдайлардың, суға шомылу қауіпсіздігінің алдын алу бойынша іс-шаралар, ата-аналармен, салалық мекемелердің қызметкерлерімен  ақпараттық – түсіндіру жұмыстарын жүргізу  шаралары ұйымдастырылады.

Қала сыртындағы лагерлерге облыстық білім басқармасы тарапынан комиссия құрылып, лагерлердің жазғы демалыс кезіндегі дайындығына, абаттандырылуы, өртке қарсы қауіпсіздік шаралары және санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестігіне тексеру, бақылау жұмыстары жүргізілді. Ал, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Чарапиев жұмыс жасайтын лагерлердегі санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау барысы турасында айтып берді.  Ата-аналар балаларды сауықтыру лагеріне жіберу үшін қандай құжаттар дайындайтындығына тоқталды. Балаларды сауықтыру объектілеріне 6 жастан асқан балаларды қабылдайды.Ол үшін,  071/у нысаны бойынша «Сауықтыру лагеріне баратын оқушыға арналған медициналық анықтама» деген денсаулық жағдайы туралы құжат, инфекциялық аурулармен байланысы жоқ деген анықтама;сонымен қатар, Жетісу облысының бас санитариялық дәрігерінің м.а.  02.05.2023 жылғы  №3 қаулысына сәйкес, балаларды қабылдау қызылшаға қарсы иммундық статустарын растайтын құжат (№063 нысаннан үзінді) қажет.  Кәсіпкерлерге  де балалардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру кезінде бірнеше  шараларды қатаң сақтау керектігін ескертті. Ең алдымен,  санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу болып табылады. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін  аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына, «Электрондық үкімет» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы арқылы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға өтініш жіберу қажет.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз