«SENAT OPEN» II ашық турнирі

262

Бүгін Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен, Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп, «SENAT OPEN» II-ші ашық Кубогының іріктеу турнирі басталды. Логикаға салып ойланып, жедел шешім қабылдауды талап ететін спорттың бұл түрі жас талғамайды. Жетісу өңірінде шахмат, шашки, тоғызқұмалақ сынды спорт түріне қызығушылық танытушылар қатары артып келеді. Бүгінгі шараға да түрлі саланың өкілдері қатысып, бақтарын сынап көруде. «SENAT OPEN» II-ші ашық Кубогының іріктеу турнирінің салтанатты ашылуына қатысқан Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов шахмат сүйер қауымға ыстық ықыласын білдіріп, сәттілік тіледі.

Әсет Қанағатов, Жетісу облысы әкімінің орынбасары:
— «Бұл турнир облысымыздағы ауқымды шаралардың бірі болып саналады. Оның мақсаты-саяси қайраткерлер,депутаттар, қоғам өкілдері, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, БАҚ өкілдері, сондай-ақ, жас ұрпақ арасында шахматты дәріптеу. «SENAT OPEN» турнирі-қоғамның әртүрлі топтарының өкілдері тәжірибе алмасып, өздерінің интелектуалдық қабілетін шыңдайтын алаң. Осыған байланысты, өкілді билік орындары ұйымдастырған, екінші жыл қатарынан өтіп жатқан турнир тұрақты негізде жалғасатынына сенімдімін».

Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан Жетісу облыстық мәслихатының төрайымы Гүлнар Қожағұлова оның маңыздылығына тоқталды. «Былтырғы жылы наурыз айында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда шахматтың дамуына үлкен үлес қосатын және қатысушылардың шеберліктерін шыңдауға ықпал ететін халықаралық турнир өткізудің маңызды екенін атап кеткен болатын. Осыған байланысты өткен жылдан бері Республиканың барлық аймағында шахмат ойынын дамыту үшін «SENAT OPEN» турнирі өткізіле бастады. Бүгінгі  Жетісу жерінде өтіп жатқан дүбірлі жарыста әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, ардагерлер кеңесінің өкілдері мен БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері жалпы 120-дан астам қатысушы өз бақтарын сынайды.Шахмат – ақыл-ойдың ойыны. Бұл ойын сезіну, шапшаңдық, шыдамдылық және аналитикалық ойлауға, өзі үшін күресе білуге, логикалық ойлау қабілетінің дамуына зор ықпал етеді.
Бұл — жас талғамайтын, көпшілік шұғылдана алатын спорт. Олай болса бүгінгі барлық жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін!»,-деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз