Үстіміздегі жылғы жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтыруды және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша Журналистер үйінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихаты өтті. Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымов Қайрат Саханұлы, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев, облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Еламан Аубакиров жиынға қатысып, аталмыш мәселе қатысты мәліметтермен бөлісті.
Айтар болсақ, облыста жаз мезгілінде қала сыртындағы 13 жазғы сауықтыру лагерлері жұмыс істейді. Оның 1-еуі мүгедектігі бар балаларға арналған жазғы сауықтыру орталығы жәнеде тағы біреуі «Айналайын» балалар үйіне қарасты лагерь.
Спикердің айтуынша, облыстағы 297 жалпы білім беретін ұйымдардың 1 мен 10 сыныптарындағы оқушылардың 113 мыңнан астамын (93%) жазғы демалыспен қамту жоспарлануда, оның ішінде 102 964 –і мектеп жанындағы алаңдарда туристік саяхат, еңбек, шығармашылық, интеллектуалдық шыңдалуға бағытталып отыр. Сондай-ақ, мектеп жанындағы тамақтандырылмайтын лагерлер де балалар демалысы ұйымдастырылады. Демалыс орындарында педагогтармен қатар 150 студент пен 80-дей еріктілер жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар демеушілер тарапынан 510 бала, кәсіподақ ұйымдары арқылы 200 оқушы, ата-аналар демеушілігі есебінен 239, ал 160 бала облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көмегімен және «Айналайын» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығымен 96 бала, «Қазақстан халқына» қоры демеуімен 350 бала, жалпы облыс бойынша 9932 жеткіншек жазғы демалыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Жаз мезгілінде (маусым-тамыз) республикалық бюджеттен Щучинск қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында 44 бала, Қонаев қаласындағы орталыққа 52 бала, Түркістан қаласындағы оқу-сауықтыру орталығына 100 бала, Алматы қаласындағы «Бөбек» оқу-сауықтыру орталығында 20 бала демалмақшы.
Мектеп жанындағы 297 бейіндік тамақтандырылмайтын лагерде 5 ауысым (5 күндік) бойынша 102 964 бала қамтылады. Балалар еңбекке баулу, ұлттық құндылық бойынша, мәселен, ер балалар киіз үй құрылысы, ертоқым жасау ісімен танысса, қыздар құрт-май, ірімшік жасау әдістерін үйренуге бейімделеді.
Сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде жекелеген санаттағы, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққандар, мүмкіндігі шектеулі, сәтсіз отбасынан шыққан, есепте тұрғандар және де дарынды балаларға айтарлықтай көңіл бөлінуде.
Спикердің айтуынша, «Балалардың жазғы демалысы 6 жоба аясында ұйымдастырылады. «Ұлттық құндылықтар» жобасы бойынша мектеп жанындағы алаңдарда қазақ үйлер мен шатырлар құрылып, ұлттық тәрбие, салт-дәстүрді насихаттайтын шаралар өткізіледі. «Білімнен мамандыққа дейін: еңбек әлеміне экскурсиялар» , «Жасыл клуб», «Жазғы экрандар», бастауыш сынып оқушыларына арналған «Туристята» слеті, «Жетісу сақинасы» жобалары балаларды елін, жерін сүюге, табиғатты аялауға бағытталып отыр».
Қазіргі таңда 5 лагерь санитариялық- санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен қорытындыларын алды, тағы 5-еуі өтініштерін берсе, 3-еуі сараптама қорытындыларын күтуде.
Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай 6 лагердің, олар «Алтын Чажа», «Эдельвейс», «Жетісу», «Қарлығаш», «Көктөбе» демалыс орындары өз келушілерін күтеді. 6-10 маусым күндері аралығында 5 лагерь («Шағала», «Жалын», «Қарлығаш», «Бастау», «Тамшыбұлық») және 16-30 маусым аралығында 2-еу, «Жансая», «Жыланды этно кэмп» ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар мерекеге орай аудан, қаладан 500 бала туристік саяхатқа барады.
Ал балалардың тамақтануы мен өрт қауіпсіздік шаралары үнемі бақылауда.





























