ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты оқу-жаттығу үйрету кавалериялық тобының офицері, аға лейтенант Н.Нұрғалиұлының жетекшілігімен мектеп оқушылары арасында «Жас Ұлан» әскери-патриоттық жарыс өтті.
Аталған іс-шараға ҚР Қарулы Күштері Жетісу облысы бойынша ардагерлер бірлестігінің төрағасы, полковник Р.Киркабаков пен Текелі қаласындағы №5 орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, сержант Қ.Рамазан белсенді атсалысты.
Шараның басты мақсаты — жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, жауынгерлік тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру, сондай-ақ болашақ сарбаздарды әскери қызметке бейімдеу болды.
Жарыс барысында қатысушылар саптық дайындық, қаруды бөлшектеу-жинау, белгіленген қашықтыққа жүгіріп өту сияқты бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынасты. Жарысқа қатысқан мектеп оқушылары жоғары ынта-жігер мен ұйымшылдық танытып, әскери машықтары мен дене дайындығы бойынша жақсы нәтиже көрсетті.
Осындай игі бастамалар жасөспірімдердің бойына патриоттық рухты сіңіріп, болашақта ел қорғаны болатын азаматтарды тәрбиелеуге негіз болары сөзсіз.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті





























