Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Жетекші журналистер мен сарапшылар клубының кезекті кеңейтілген отырысы өтті. «Көпұлтты қоғамдағы қақтығыстарды реттеуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі» атты кездесуге өңірлік БАҚ өкілдері, сарапшылар, қоғамдық ұйым мүшелері және Ассамблея белсенділері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – этносаралық татулықты нығайтудағы медианың рөлін талқылау, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауда бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалын арттыру.
Ең әуелі клуб төрағасы Атсалим Идигов баяндама жасап, өзекті ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, ақын, жазушы, халықаралық «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері Айдын Кәлімхан «Көпұлтты қоғамдағы қақтығыстарды реттеуде БАҚ рөлі» тақырыбында сөз сөйлеп, медиа құралдарының этносаралық қатынастардағы жауапкершілігі мен ықпалына тоқталды. Кездесу барысында этносаралық қатынастарда туындауы мүмкін шиеленістердің алдын алу жолдары, БАҚ-тың конфликт жағдайларына ықпал ету тетіктері, ақпарат таратудың жауапкершілігі мен журналистік этика қағидалары сынды мәселелер кеңінен талқыланды. Жиын соңында клуб мүшелері мен қатысушылар медианың қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы рөлін атап, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жалғасын табуы керек деген пікірді алға тартты.