Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев репродуктивті денсаулықты сақтау және нығайту мәселесіне ерекше көңіл бөліп, отбасы институтын күшейтуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Бұл бағыттағы нақты қадамдардың бірі ретінде Президенттің тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады.
Осы орайда жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивті денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, жыныстық қатынасқа ерте түсу салдарлары, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және АИТВ жұқтырған жаңа жағдайлардың көбеюінің алдын алу мақсатында Репродуктивті денсаулық апталығы өтуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова «Бұл бағдарлама репродуктивті денсаулық саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Бүгінде бұл тақырыптарды ашық, ғылыми негізде және кәсіби деңгейде талқылау бұрынғыдан да өзекті. Өткен жылғы тәжірибе бұл бастаманың қоғам үшін маңыздылығын көрсетті. Сондықтан репродуктивті денсаулық апталығын жыл сайын өткізу туралы шешім қабылдадық», – деді. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның үйлестіруімен өткізіліп жатқан апталық аясында облыс бойынша жастар денсаулық орталықтарында және алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында ашық есік күндері, дәрістер, тренингтер және онлайн-вебинарлар ұйымдастырылды. Айта кету керек, аталмыш шара халықтың репродуктивтік денсаулығы, инфекциялық аурулардың профилактикасы, отбасы жоспарлау және жауапты ата-аналық мәдениетін қалыптастыру мәселелері жөніндегі білімін арттыруға бағытталған.





























