Шаңырақтың шаттығы – сыйластықта

333
  • 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні!

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1993 жылы 15 мамырды-Халықаралық отбасы күні деп бекіткен болатын. Отбасылық құндылықтарды нығайтуға негізделген мерекені  қазақстандықтар жыл сайын атап өтуді дәстүрге енгізіп үлгерді.

Халқымыздың ырыс-құты, береке-бірлігі отбасынан бастау алады. Мәңгілік ел болудың түп қазығы-тәлімді, тәрбиелі ұрпақ та мықты отбасылардан шығады. «Оттың басы» деген ұғымды білдіретін – бұл бір ауыз сөзде адам үшін бар құндылық жинақталғандай. Салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлықты ұл,қылықты қыз өсіріп отырған шаңырақ иелері көп-ақ. Солардың бірі – өткен жылы «Алтын тойларын» тойлаған Серікжан мен Күлзинат Ахметовалардың отбасы. Серікжан аға облысымызға танымал агроном болса, Күлзинат Зәкірқызы-танымал бухгалтер. Екеуі де Алматы қаласындағы  ауылшаруашылығы институтына  арман қуып келген өрімдей жастардың бірі болатын. Әскерден оралып, жақсы маман болуды мақсат тұтқан Серікжан аға үлкен қалаға Талдықорған облысының Сарқан ауданындағы Бақалы ауылынан келсе, Күлзинат апай Шымкент облысының Төле би (бұрынғы Ленгер) ауданынан келген еді. Талапкер қыз-жігіттердің арасында таныстық жақсы өрбіді. Ниет, тілектері тоғысқан курстастар  кездескен қиындықтарды бірге жеңіп, таныстық ауқымы кеңейе берді. Сабақтан қолдары босаған кезде студенттер арасында өтетін қызықты кештерге қатысып, би алаңдарына да баратын. Сондай әсерлі күндердің бірінде  ауылдастарының арқасында танысқан екі жас бірін бірі тауып, ұғысып  шаңырақ көтеруді ұйғарады. Араға екі жыл салып, Бақалы ауылында дүркіреген той өтіп, күйеу жігіт пен қалыңдық ерлі-зайыпты атанады. Оқуларын сәтті аяқтап, өңірімізге қайта оралған отбасы иелері еңбекке бірден араласып, алған білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Дүниеге тұңғыштары  — Марат келеді. Ата-ана атанған жастардың қуанышында шек жоқ. Шаңырақтары шаттыққа бөленіп, ағайын-туыс арасында ынтымақтары жарасып, отбасы берекесі арта түседі. Шымкенттегі әке-шешенің тәрбие мектебінен жауапкершілік міндетін адал атқаруды үйренген балауса қыз, ауылдың үлкендеріне  иіліп сәлем салып, кішілеріне ізет көрсетіп, ата-ене алдында келіндік қызметін шаршамай атқаратын. Бала тәрбиесімен үйде отырып қалмады. Отағасынан рұқсатын алып, ата-ене батасымен еңбекке араласып, зыр жүгіріп жүріп қызмет етті. Жанат пен Қанаты қатар дүниеге келгенде берекелі отбасындағы Серікжан ағаның әке-шешесі, бауырлары мен қарындастары қолғабыс жасап, балаларды өсіру  аса қиындық  тудырмады. Адал еңбекпен  ұлтқа қызмет етуді жалғастырған аға мен тәте балаларына өмірден үйренген тәлім-тәрбиелерін беруден жалыққан емес. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып, бүгінде немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Отан-отбасынан басталады демекші, балалары да келіндері де, қызы мен күйеу баласы да еліміздің белді де беделді қызметкерлері. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі-ниет керек, одан соң-күш керек, одан соң-тәртіп керек» дейді. Осы үш қасиетті ұяда көріп, ұшқанда жүректеріне мықтап бекіткен балалары да өз орталарында, отбастарында сыйлы да құрметті жандар. Аталары мен аналарына  теңдей қызмет жасап, жанұя жылулығын сыйлап келеді. Ағамыз бен тәтеміздің киелі бақ мекені қонақсыз болған емес, туыстары, ағайындары, дос-жарандары, әріптестері жылына бірнеше мәрте осы үйдің дастарханынан дәм татып, рахаттанып қайтады. Өздері де зейнетке шықтық деп,қолқусырып қарап отырған жоқ. Көпжылдық тәжірибелерімен бөлісіп, жас буынға көмектесуден жалыққан емес. Қоныстанған ауылдарын, тұратын  үйлерінің маңайын бау-бақшаға айналдырып, гүлдермен көмкеріп тастауды әдетке айналдырған. Ағаның жерлестері «бау-бақша өсіруде Серікжанға жетер жан жоқ», дейді. Тарих толқынымен келе жатқан  Серікжан аға мен Күлзинат апайдың отбасына береке тілеп, жастарыңыз жүзден ассын дейміз. Сіздердей жандар барда  ғасырлар бойы қалыптасқан бабалар даналығы жалғасын тауып, отбасы институтынан түлеп ұшар тағылымды ұрпақтар қатары арта береді.

Гүлжанат Мырзалықызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз