Алматы облысында «Сапалы жол» және «Ашық бюджеттердің интерактивтік картасы» атты тың жобалар  іске асырылуда. Бұл жаңадан салынып жатқан  жолдардың сапасын қадағалаумен қатар бөлінген қаражаттардың тиімді пайдалануына және  сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге қолайлы, —  дейді мамандар. Осыған байланысты  Талдықорғандағы «Jetisy Media» коммуналдық мекемесінде арнайы  баспасөз мәслихаты өтті.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Сағындықұлы:  — «Көпке мәлім 2018 жылы 26 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парламентаризмді дамыту қорымен бірлесе жүзеге асырған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» бірегей жобасының таныстырылымы өткен болатын. Қазір осы жоба Алматы облысында іске қосылды. Интерактивтік карта — қоғамның ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдету, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік билігіне сенім деңгейін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді диалог платформасын құру үшін құрылған. ЕурАзЭҚ және ТМД елдері арасындағы бірегей жоба. Бұл карта сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның міндеттеріне тиімді қол жеткізу үшін жаңа мүмкіндіктерді әзірлеуге және енгізуді жоспарлауға  қолайлы. Бүгінде Алматы облысында 1353 ұйым өздерінің бюджеттерін аталған платформада жариялауда. Интерактивті карта 24 сағат бойы қолжетімді. Егер қандай да бір сәйкессіздіктер байқалса, кез келген адам тиісті суреттер мен бейнематериалдарды тіркей отырып, уәкілетті органға хабарлай алады» — деді.

Ал, Алматы облысы бойынша жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаевтың айтуынша, бүгінде  облыстағы  жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 8960,6 шақырымды құрайды. Оның 2822 шақырымы республикалық, 6 мың шақырымнан астамы облыстық маңызы бар жолдар. Соның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық жолдардың үлесі 78 пайыздан асады. Қалғаны орташа деңгейде. Ал, 2019 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 20,4 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Қазір  28 шақырым жол қайта жаңғыртылып, 59,5 шақырым жолға, 8 көпірге күрделі жөндеу, 190 шақырымнан  орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, ағымдағы жылы 359,7 шақырым жол жөндеуден өтіп, жыл соңына қарай жоспарға сәйкес жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының көрсеткішін 81пайызға жеткізу көзделген.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK