Су – тіршілік нәрі. Ауыл шаруашылығын дамытып, өңірлерді өркендету бағытында су саласындағы еңбек етіп жүрген азаматтардың қосып отырған үлесі зор. Сондықтан, бұл салаға баса мән беріп, ондағы  қызметші жастардың біліктілігін арттыру заман талабы, — дейді мамандар. Осыған байланысты, «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны Талдықорғандағы Алматы филиалының  ардагері Уахит  Есмұрзанов бізге сұхбат беріп, өзінің ұзақ жылдық тәжірибесімен бөлісті.

— Құрметті Уахит Садықұлы алдымен өзіңіздің еңбек жолыңыз  туралы және Жетісу жеріндегі су шаруашылықтарының өткені мен бүгіні жайына кеңінен тоқталып өтсеңіз?  

— Сусыз тіршілік жоқ. Онсыз өмір сүру де мүмкін емес. Мен 1973 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірдім. Қазір ол оқу орны Тараз мемлекеттік университеті деп аталады. Жоғары оқуды тәмәмдаған соң арнайы жолдамамен киелі Жетісу жеріндегі Көксу аудандық су шаруашылық мекемесінің аға инженері болып жұмысқа тұрдым. Бұл қызмет мен үшін талмай ізденіс пен талпынысты қажет ететін жауапкершілігі зор міндет еді. Ол кезде Кеңес Одағының тұсы. Аудандағы жалпы суармалы жер көлемі 24 мың гектардан асатын. Суармалы алқаптарға 1963 жылы пайдалануға берілген Көксу бас бөгеті арқылы су берілетін. Бүгінде Көксу ауданында 17 мың гектардан аса суармалы жер бар.  Енді оны «Ислам даму банкінің» көмегімен тағы 13 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Сонымен менің су шаруашылық саласындағы алғашқы еңбек жолым Көксудан басталып, кейін  бас  инженерлікке көтерілдім. Осыдан  соң, аудандық мәслихаттың хатшысы, тарағанша Ленин ауылының директоры болып істедім. Кейін Қапал және Ақсу аудандық су шаруашылық мекемелерінде басшы болып, бірнеше жыл өткенде Көксуға қайта оралдым. Демалысқа шыққанға біраз уақыт облыстық басқармада болып, соңында «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының Алматы филиалында еңбек етіп, 2017 жылы зейнетке шықтым. Жиып айтқанда, мен су шарашылығы саласында мол тәжірибе жинап 40 жылдан астам қызмет істедім.

— Енді жалпы Алматы облысы аумағындағы су шаруашылығы нысандарының қазіргі жағдайы туралы айта кетсеңіз.

— Көпке мәлім кешегі тоқырау жылдары аймақтағы су нысандарының барлығы қараусыз қалған.  Соның  салдарынан кейбір су жүйелері қирады. Қоймалар бүлінді. Суармалы жер көлемі айтарлықтай азайып кетті. Осыдан соң біз халықтың өтініш  тілегін арқалап, бармаған мекемеміз, қақпаған есігіміз қалмады.  Кейін үкімет бұл мәселеге баса көңіл бөліп, су нысандары республикалық «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының құзырына өткен соң қайта жанданды. Қазір Алматы облысында су нысандарын қалпына келтіру ісі қарқынды.  Шетелдік «Ислам даму банкінің» қаражатына сүйеніп, қираған  су жүйелері қалпына келтірілді. Жергілікті шаруалар да егінін егіп, малын өсіріп өнімдерін еселей бастады. Оның үстіне аймақтағы Көксу, Ақсу қант зауыттары іске қосылып, жұрт жаппай қызылша, жүгері  өсіруге бет бұрды. Нәтижесінде, жыл сайын суармалы жер көлемі ұлғайтылып, егіншілердің суға деген сұранысы да  артты.

— Су шаруашылығына мемлекет тарапынан көңіл бөлінгелі аймақта қандай жұмыстар атқарылды?

— Қазір  «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының Талдықорғандағы Алматы филиалына  қарасты 9 су қоймасы бар.  2010 жылы аймақтағы Қызылағаш су қоймасын сел алып кеткен болатын.  Осыдан соң Республика бойынша апатты су қоймаларды және гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру  жұмыстары қолға алынған.  Осы орайда «Қазсушар» РМК жарғылық капиталын өсіру бағдарламасы аясында 15 нысанды қалпына келтіру жоспарланған. Талдықорған өңіріндегі  Ақсу, Көксу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Панфилов, Ұйғыр Сарқан аудандарындағы су жүйелеріне бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кейбіреулерін қайта салып шығуға тура келді. Мәселен, соның бірі Қызылағаш су қоймасы. Қойманы қайта салу ісі 2016 жылы қолға алынған болатын. Жобаның жалпы құны 5.9 млрд. теңге. Қазір оның құрылысы негізінен аяқталып қалды. Келесі жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Қоймаға жалпы 42  миллион текше метр су сақтауға болады. Нысан  іске қосылса сол маңдағы Ақсу ауданының диқандары егістік көлемін арттырып, қандай дақыл өсірсе де судан еш тапшылық көрмейді деп ойлаймын.

— Сөзіңіздің соңында жалпы су саласындағы жас мамандарға қандай  ақыл-кеңесіңізді айтар едіңіз?

— Қазақта «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады» деген аталы сөз бар. Мейлі  жастар қай салада қызмет істесе де алдымен оларға шыдамдылық керек. Сосын үлкендерден үлгі алып, үйрене жүріп біліктілігін арттыру қажет. Сонда ғана олар мол тәжірибе жинап, барлық биіктерді бағындыра алады деп сенемін.

Әңгімеңізге рахмет!                              Сұхбаттасқан  Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK