Талдықорған қаласындағы «ХАК» медициналық орталығында Балпық би ауылынан келген 65 жастағы әйелге омыртқа буындарының фасеттік нервтерін радиожиілікті денервациялау процедурасы сәтті жүргізілді. Бар болғаны 15 минут ішінде науқас бұрыннан мазалап келген бел тұсындағы қатты ауырсынудан арылды.
Радиожиілікті денервация — бұл ауырсынуды тасымалдайтын жүйке ұштарын бұғаттауға мүмкіндік беретін заманауи, аз инвазивті әдіс. Процедура барысында дәрігер зақымданған аймаққа арнайы ине енгізіп, оның ішіне электрод жібереді. Электрод арқылы берілетін радиожиілікті ток иненің ұшын 80°C-қа дейін қыздырып, ауырсыну сигналдарын миға жеткізетін жүйке ұштарын нысаналы түрде жояды. Бұл кезде сау тіндер зақымданбайды.
Процедура жергілікті анестезия арқылы жүргізіледі. Науқас есін білетін күйде болады және дәрігермен байланыста болып, өз сезімдері туралы хабарлап отырады.
«Науқас бізге бел тұсындағы қатты ауырсынумен түсті. Ауырсыну өмір сапасына айтарлықтай әсер еткен. Барлық анализдерді зерттеп, аз инвазивті әдіспен емдеуге шешім қабылдадық. Процедура 15-30 минутқа дейін созылады және күрделі операцияларды болдырмауға мүмкіндік береді. Науқас емнен кейін бірден жеңілдік сезінді. Айта кететін жайт — бұл медициналық көмек біздің орталықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қолжетімді», — деді нейрохирург Алмас Сапарханов.
Радиожиілікті денервация әдісі әсіресе артроз немесе фасеттік буындардың дегенеративті өзгерістерінен туындаған созылмалы бел ауруларына өте тиімді. Бұл — тез, қауіпсіз және қалпына келу мерзімі қысқа инновациялық емдеу тәсілі.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы





























