Талдықорған қаласы орталық балалар кітапханасы қала мектептерінің оқушылары арасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай көптеген шаралар ұйымдастыруда. Соның бірі — Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жылдығына орай оның шығармашылығын балалар мен жасөспірімдер арасында насихаттау мақсатында «Ел сыйлаған – батыр Бауыржан» атты қалалық байқау өтті.
Байқау үш кезеңнен болды. Бірінші кезеңде қатысушылар жазушының өлеңдерін жатқа оқыса, екінші кезеңде шығармаларынан қысқаша көрініс дайындап, өмірі мен шығармалары турасында қойылған сұрақтарға жауап берді.
Байқау қорытындысында бас жүлдеге №2 орта мектептің оқушысы Алдияр Бейсенғалиев лайық деп табылды. Ал 1-орынды №28 IT мектептің оқушысы Нұрислам Рауанұлы иеленді. Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде және де 1-орын алғандар облыстық байқауға жолдама алды.
Шара барысында көрермендерге «Қазақтың батыр ұлы — Бауыржан Момышұлы» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Н. Альбиланова,
Талдықорған қалалық орталық
балалар кітапханасының меңгерушісі





























