Бүгін Талдықорғанда «Күзгі марафон» атты қайырымдылық шарасы өтті. Қала күні мерекесі аясында ұйымдастырылған жарысқа 1000-ға жуық шаһар тұрғыны қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Марафон қатысушылары І.Жансүгіров көшесінің айналма жолынан бастап, Нұр-Сұлтан даңғылымен орталық алаңға дейін жүгірді. Жарыста 16 мен 40 жасқа дейінгілер және 40 жастан асқандар өзара бақ сынады.

Сайыс қорытындысы бойынша, 16-40 жас санаттағы ерлер арасында 1-ші орынды Данияр Орманғали, әйелдер арасында бас жүлдені Ақбаян Нұрмамед ұтып алды. Ал, 40 жастан жоғары ерлер арасында  Біржан Бимолдаев, әйелдер арасында Индира Мамбетова бірінші болып мәре сызығын кесті. Жеңімпаздар Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, марафонға қатысушылар тек жарысқа ғана қатысып қоймай, қайырымдылық шарасына да атсалысты. Жиналған қауым арнайы қойылған жәшікке өз мүмкіндіктеріне қарай ақшаларын салды. Жиналған қаржы «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне берілді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK