Мемлекеттік тіркеуге жататын өнім жарнамасы туралы не білу керек?

102

Қазіргі нарық жағдайында өнімнің сапасымен қатар, оның адам денсаулығына қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Осындай қауіпсіздікті растаудың бір жолы – Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бекітілген санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестігін бағалау арқылы жүзеге асатын мемлекеттік тіркеу рәсімі.
Мемлекеттік тіркеуге белгілі бір түрдегі азық-түлік және азық-түлік емес (тұтыну) тауарлар жатады.
Мемлекеттік тіркеуге жататын азық-түлік өнімдеріне мыналар кіреді: арнайы мақсаттағы өнімдер (балалар тағамы, соның ішінде суы; диеталық емдік және диеталық профилактикалық тағамдар; спортшыларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған өнімдер); емдік-ас суы мен табиғи минералды сулар; биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ).
Мемлекеттік тіркеуге жататын азық-түлік емес тауарлар қатарына: кейбір парфюмерлік-косметикалық өнімдер (күнге күйдіру мен теріні ағартуға арналған косметика, шашты бояу мен бұйралау құралдары, интимдік және балалар косметикасы, пилингтер, фтор қосылған ауыз қуысының гигиеналық құралдары, тісті ағартуға арналған құралдар); өнеркәсіпте қолданылатын дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдары; тұрмыстық химия, бояу-жабу материалдары; әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттар; тағаммен жанасатын бұйымдар (ыдыстар, асханалық құралдар, технологиялық жабдықтар мен қаптамадан (тығындау құралдарынан) басқа); балаларға арналған өнімдер (сүтке арналған соскалар, гигиеналық құралдар, жасқа дейінгі балаларға ыдыс-аяқ пен тоқыма өнімдері, шұлық-бұйымдары, бас киімдер және 3 арналған іш киімдер); ересектерге арналған жеке гигиена заттары.
Мұндай өнімдерге қатысты жарнамаға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. Жарнама мемлекеттік және орыс тілдерінде, шынайы, нақты, түсінікті болуы тиіс және тұтынушыны шатастырмауы қажет.
Мемлекеттік тіркеуге жататын өнімді жарнамалауда міндетті түрде көрсетілуі тиіс ақпарат: тауардың сауда атауы және өндірушінің атауы; өнімнің мақсаты; ҚР және (немесе) ЕАЭО елдерінде мемлекеттік тіркеудің бар екені туралы мәлімет; қолдану көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдері мен жанама әсерлері туралы ескерту (бар болған жағдайда).
ББҚ жарнамасына қосымша талаптар: белсенді компоненттері; қолдану тәсілі және дозасы; жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері; балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге қолдану ерекшеліктері; сатылу шарттары; қолдануға арналған көрнекі нұсқаулық; өндіруші мен Қазақстандағы уәкілетті тұлғаның мекенжайы; «дәрілік зат болып табылмайды» деген ескерту.
Дезинфекциялық құралдар жарнамасында мыналар болуы керек: қолдану бойынша нұсқаулық; сақтық шаралары.
Әлеуметтік желілер мен басқа да БАҚ-тағы жарнама да келесі міндетті ақпаратты қамтуы тиіс: тауардың сауда атауы және өндіруші атауы; өнімнің мақсаты; қолдану көрсетілімдері, қарсы көрсетілімдер және жанама әсерлер туралы ескерту (бар болса); Қазақстанда және (немесе) ЕАЭО-да мемлекеттік тіркеудің бар екені туралы ақпарат. Бұл талаптар стористерге, жазбаларға және видеороликтерге де қатысты.
Маңызды! Мемлекеттік тіркеуге жататын өнімді сатып аларда, сатушыдан міндетті түрде мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті сұраңыз. Куәліктің шынайылығын Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтындағы Бірыңғай тізілімнен тексеруге болады: https://eec.eaeunion.org
Егер жарнамада қажетті ақпарат болмаса немесе сатушы мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті беруден бас тартса – мұндай өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз дұрыс. Бұл сіздің денсаулығыңыз үшін қауіпті болуы мүмкін!

                            Самат Ахметов,

Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз