Азаматтардың ерлік ісі ұмытылмайды

193

1986 жылдың 26 сәуірі күні Чернобыль қаласындағы Атом электр станциясында  жойқын жарылыс тіркеліп, мыңдаған адам мерт болды. Ғалымдардың зерттеуінше радиоактивті түтін  ондаған мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластап, 5 миллиондай адамның денсаулығына әсер етті. Апат зардабын жоюға қатысқан 800 мыңнан астам адамның  32 мыңы қазақстандық еді. Өкініштісі, оқиғаның салдарынан көптеген азамат өмірден өтіп, бірқатары  мүгедек болып қалды.

Чернобыль және Семей полигоны құрбандарын еске алу мақсатында Талдықорған қаласындағы «Жеңіс» саябағында 2023 жылы арнайы  сәулетті ескерткіш ашылған болатын. Сенбі күні Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтар мен туыстары, Семей полигоны ардагерлері және қала тұрғындары, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков бастаған әкімдік қызметкерлері  қасіретті оқиғаның құрбандары болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым  жасады. Ізгі лебіздерін білдірді.

Жеңіс Андабеков,Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары:
Әр апаттың табиғаты әртүрлі болғанымен қасіреті бір.Чернобыл апаты-адамзат тарихындағы ең сұмдық техногендік апат. Бұл-дүниежүзі тарихындағы ең ірі жарылыстардың бірі. Денсаулығын тәуекелге тігіп, азаматтық әскери борышын орындаған жандардың қажырлы еңбегінің арқасында апаттың беті қайтты. Олардың бұл еңбегін жанқиярлық ерлікке балар едім. Бейнелері жүрегімізде мәңгіге сақталады. Бейбіт еліміздің аспаны ашық, болашағы жарқын болсын.

Хұсайын Мұстафа, «Жетісу облыстық Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Бүгін, 26 сәуір- Чернобыль апатынан құрбан болған азаматтарды еске алу күні. Облыс аумағынан әскер қатарында азаматтық борыштарын өтеп қайтқан 1200 азамат әскерге қайта шақырылып, апаттың зардабын жоюға аттанған болатынбыз. Жыл сайын олардың қатары азайып, 200-ге тарта ғана  адам қалды.Халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Сондықтан, мықты,дамыған  ел болып, ұрпағымыз жақсы, білімді  азамат  атансын десек,өткенді ұмытпауымыз керек. Бірқатар азаматтар арамыздан кеткенімен олардың артында жарлары, балалары қалды. Бүгін барлығы  марқұмдарды тебірене еске алып,жүрекжарды лебіздерін білдіріп жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Біздің көргенімізді кейінгі ұрпақ көрмесін.

Шара соңында ардагерлер  Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық  акциясына үлестерін қосып, саябаққа ағаштардың жас көшеттерін отырғызды. Ардагерлер арасында биллиардтан өткен жарысқа қатысып, өзара мықтыларды анықтады.

Фото www.vestnik19.kz

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз