Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Үкімет пен «AMANAT» партиясының бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Әкімдер мектебі» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізді.
Алқалы жиынның басты мақсаты — ауылдық округтерді кешенді дамытудың нақты әрі тиімді жолдарын айқындау, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын кезең-кезеңімен жүзеге асырудың нақты кестесін әзірлеу.
Жиынға Жетісу облысының басқарма басшылары, 122 ауылдық округтің әкімі және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесуде жуырда Астана қаласында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Өңірлік даму жөніндегі жобалық кеңсе отырысында көтерілген мәселелер де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, әрбір ауылдық округке жүргізілген скрининг нәтижелеріне сүйене отырып, өңірлік ерекшеліктер мен нақты қажеттіліктерге негізделген экономикалық даму бағдарламаларын дайындау тапсырылды.
«Бүгінгі басқосу — ауыл әкімдерінің жүйелі жұмыс жүргізуіне, жоспарлы есеп беруге және нәтижелі жұмысқа бағытталуына мүмкіндік беретін маңызды алаң. Яғни, әр ауылдық округ бойынша нақты экономикалық даму бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл бағдарлама жәй есеп үшін емес, іс жүзінде жүзеге асырылатын, нақты нәтижесі болатын жоба болуы керек. Оқу барысында алған білімдеріңіз – ауыл әлеуетін бағалау, сұранысты анықтау, маркетингтік талдау, кооператив құру, бизнес-жоспар әзірлеу – осының бәрі енді нақты іске бағытталуы тиіс», — деді «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.
Кездесу соңында нақты тапсырмалар беріліп, атқарылатын жұмыстар хаттамаға енгізілді. Бұл міндеттер алдағы уақытта барлық деңгейдегі әкімдердің бірлесе атқаратын жүйелі жұмысына айналмақ.
«Оқу барысында теорияны тәжірибемен ұштастырып, ауылымыздың нақты қажеттіліктерін анықтап, даму бағытын айқындауға мүмкіндік алдық. Енді бұл білімді іске асырып, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін нақты жобалармен жұмыс істеуіміз қажет. Бұл бастама — ауылдың болашағы үшін жасалып жатқан маңызды қадам», — деді оқудан өткен әкім, Кербұлақ ауданы Қарашоқы ауылдық округінің әкімі Дина Ақбасова.
Кездесуде ұсынылған ойлар мен нақты бастамалар — алдағы жұмысқа берік негіз болады. Ендігі міндет — осы бағытта бірлесе әрекет етіп, ауылдардың дамуына нақты серпін беру.





























