Ұстаз туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Ұстаз – ұлы есім» десе, батыр атамыз Бауыржан Момышұлы «Ұстаз- ұлық емес, ұлы қызмет» деп баға берген екен. Ал, Жетісу жерінде түсірілген «Ұстаз» фильмінің идея авторы – белгілі журналист Бейсен Құранбек, сценарийін жазған – Гүлмира Зербай. Ал қоюшы режиссері – жетісулық жас талант Ерлан Ұшақпаев. «Еңбек ауылындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар №22 орта мектеп» КММ-«Ұстаз — ұлы тұлға» атты тәрбиелік шара өтіп, оған «Ұстаз» фильмінің актерлері шақырылды. Кездесуге фильмнің сценарисі– Зербай Гүлмира Қадырқызы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Талдықорған театрының негізін қалаушылардың бірі, театр және кино актрисасы – Ыдырышева Әлихан Оразғалиқызы, ҚР Мәдениет қайраткері Нұғманов Абай Мылханұлы, фильмнің басты кейіпкері Ілиястің рөлін сомдаған талантты актер – Еркебұлан Айдынбаев келді.
«Мұндағы мақсат- фильмнің мазмұнын, маңыздылығын талқылау және білім мен ұстаздық қызметтің қоғамдағы рөліне назар аударту»,-дейді шараны ұйымдастырушылар, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айман Сағындықова мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айзат Қомпыш.
Алғашқы сөз кезегін алған Гүлмира Қадырқызы аталмыш фильмнің туу тарихына тоқталды. «Фильмнің идеясының авторы Бейсекең. «Айтуға оңай» бағдарламасында әртүрлі мәселелер көтерілетін, сондай өзекті тақырыптардың бірі мұғалімнің беделі мен мәртебесіне қатысты түсірілім болды. Сол бағдарламадан кейін Бейсекең қоғамда ұлағатты ұстаздың тұлғасын насихаттайтын фильм керек деген тоқтамға келді. Сөйтіп ұзаққа созбай фильмнің сценарийіне кірістік. Сценарий 2018 жылы жазылды, дегенмен оны түсірудің ыңғайы осы кезге келді. Бейсекеңнің шәкірттері Ерлан Ұшақпаев пен Әділбек Әбіл бастама көтеріп, осы фильмді түсірсек деген ұсыныс жасады. Жетісу облысы әкімдігінің, «Жетісу» телеарнасының қолдауымен «Ұстаз» фильмі көрерменге жол тартты. Inspire Creative Group шығармашылық тобы, Б. Римова атындағы Жетісу облыстық драма театрының және оқушылар сарайындағы поэтикалық театрдың актерлері осы фильмнің жарыққа шығуына атсалысты».
Бұл туындыға тоқталар болсақ, Ілияс – беделді математика пәнінің маманы. Анасының сырқатына байланысты ол Алматыдан өз туған ауылына қайтуға мәжбүр болады. Ауыл мектебіндегі 11-сынып оқушыларына ешкім үміт артпайды, олардың ҰБТ-дан құлайтынына ешкім күмәнданбайды. Ілияс бұл сыныпқа тек ҰБТ-ны тапсыруды ғана емес, өз күштеріне деген сенімділікті арттыруға, өзара қарым-қатынасты жақсартуға және балалардың басқа да әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесуге тырысады. Фильмде интернетке тәуелділік, дұрыс мамандық таңдаудың маңыздылығы, ҰБТ-ның оқушылар психологиясына әсері, сондай-ақ ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі секілді мектеп оқушыларына қатысты маңызды мәселелер көтеріледі.
Міне, фильмде жас мұғалімнің туған ауылына оралуы, өзі білім алған мектепте жұмысқа орналасуы, оқушылармен байланысы, мұғалім беделін нығайтуға деген талпынысы, ұстаздықтың қиындығы мен қызығы көрініс тапқан. Жас мұғалімді сомдаған Еркебұлан бұл рөлдің өзіне қаншалықты жақын болғандығын айтып берді.
Әлихан апаны халық «Тракторшының махаббаты» фильмі арқылы таниды. Жалпы, ана бейнесі, әжес бейнесін сомдаудың шебері. Ал ұстаздың анасы ретінде көрермен есінде қалды.
Бұл кеш қонақтары оқушылармен бірге «Ұстазым» әнін қосыла шырқады.
Айман Сағындықова,
«Еңбек ауылындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар
№22 орта мектеп» КММ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары