Саз өнерінің саңлағы

117

Композитор, дирижер, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Нұрғиса Атабайұлы «Алтын таулар» операсының, «Достық жолымен» балетінің, «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, оркестрге арналған «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды.

Ұлы композитордың ғасыр тойына орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым жасалды. Еске алу шарасына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов «Бүгін Талдықорғанда Н.Тілендиев атындағы балалар музыка мектебінің ауласында, ескерткіш алдында мәдениет майталманының рухына бас иіп, ғасырлық тойын бастауымыздың өзінде үлкен мән жатыр. Осы мектептің жас өрендері ұрпақтар сабақтастығын үзбей, Нұрғиса аталарының жолын жаңа заманға сай лайықты жалғайды деп сенеміз. Облыс орталығынан басталған мерейтойлық осындай тағылымды іс-шаралар өңірдің барлық аудан-қалаларында жыл бойы жалғасады. Биыл ЮНЕСКО көлемінде Нұрғиса жылы аталып өтеді. Бұл ғасырда бір туар саз өнерінің саңлағына ғана емес, күллі қазаққа берілген айрықша баға. Дүбірлі той дүниежүзілік деңгейде атап өтілетін болса, бүгін облысымызда салтанатымен шымылдығын түруде. Тарихтың өзі сабақтасып жатқан ұлы құндылық десек, Нұрғиса Атабайұлының ғасырлық тойы Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр. Біз Н. Тілендиевті Отан соғысына қатысқан жаужүрек майдангер екенін білеміз»-деп  өмір жолы мен шығармашылығына тоқталды.  Жиын барысында Талдықорған балалар көркем сурет мектебі оқушыларының сурет салу пленэрі ұйымдастырылып, Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының «Жетісу виртуозы» ансамблі концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ, мерейтойлық кеш Н.Тілендиев атындағы балалар музыка мектебі оқушыларының «Ұстаз-шәкірт-талант» атты кешімен жалғасын тапты. Мектеп тарихы, жетістіктері баяндалып, ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл  «Нұрғиса Тілендиевтің есімі қазақ музыка тарихында алтын әріптермен жазылған. Оның шығармашылығы ұлттық музыкамызды әлемге танытып, күйлері мен әндері, оркестрлік туындылары бізге мұра болып қалды. Композитор шығармалары Ресей, Түркия, Қытай және Еуропа елдерінде жоғары бағаланып, кеңінен насихатталып келеді. Біздің қаламызда да тұлғаның еңбегі биік құрметтеледі. Оның айқын дәлелі – Нұрғиса Тілендиев атындағы балалар музыка мектебі. Сол арқылы өнер иесінің шығармаларын ұлықтап, оның музыкалық мұрасын сақтап келеміз», — деді. Айта кетейік, білім шаңырағында бұған дейін ашық сабақтар, концерттік лекция, қосымша білім беру мектептері арасында «Әлқисса» облыстық байқауы сынды бірқатар шаралар ұйымдастырылған болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз