Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Осы орайда, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты «Қорғас» шекаралық бақылау басқармасының жеке құрамы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «80 игі іс» бастамасына үн қосып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырды.
Іс-шара барысында шекарашылар бөлімшенің аумағы мен оған іргелес көшелерді тазалап, айналаны қоқыстан арылтты. Акцияға жеке құрам белсенді түрде қатысып, тазалық жұмыстарына жұмыла кірісті. Бұл шара тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, сондай-ақ қоғамға экологиялық мәдениетті насихаттауға да бағытталды.
«Таза Қазақстан» акциясына қатысу арқылы шекарашылар туған жерге деген қамқорлықтың маңыздылығын көрсетті. Ұлы Жеңіс күнінің 80 жылдығына орайластырылған «80 игі іс» бастамасы – халықтың бірлігін, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Осындай экологиялық іс-шаралар арқылы шекарашылар тек мемлекеттің шекарасын қорғап қана қоймай, қоршаған ортаны да қорғауға өз үлестерін қосып келеді. Мұндай игі істердің алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті