Қазақ тарихында өшпес ерлікпен аты қалған Қабанбай батыр – ел қорғаған қаһарман тұлғалардың бірі. Оның жауға қарсы күрестегі ерлігінің тарихтағы орны ерекше. ҚР ҰҚК Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Жетісу» шекара бөлімшесінің жеке құрамы бөлімше бастығының бастамасымен және Достық станциясы әкімдігінің қолдауымен Қабанбай батыр қорымына барды.
Экскурсия барысында шекарашылар батыр бабамыздың Аңырақай шайқасынан кейін жауды қуып шығарған жерлерімен танысып, қазақ халқының азаттығы жолындағы күресінің маңыздылығын тағы бір мәрте сезінді. Тарихи орынның маңыздылығына терең бойлаған жас сарбаздар батырларымыздың қайсар рухынан үлгі алып, олардың ерлік жолын мақтанышпен еске алды.
Сонымен қатар, шекарашылар қорымда тазалық жұмыстарын жүргізіп, аумақты ретке келтірумен айналысты. Батыр рухына тағзым ретінде қасиетті жерде ата-бабалар рухына құрмет көрсетті.
Осындай іс-шаралар әскери қызметшілердің рухани тәрбиесін нығайтып қана қоймай, олардың ел мен жерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Өскелең ұрпаққа ата-баба мұрасын дәріптеу арқылы ұлттық рухты көтеру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Шекарашылардың бұл бастамасы болашақта да жалғасын тауып, тарихи құндылықтарды насихаттау ісіне өз үлесін қоса бермек.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті